
Облыс орталығында 50 мыңнан астам адамды ауыз сумен қамтамасыз ететін Октябрь су қоймасын қайта жаңарту жобасы аяқталды, сондай-ақ қосымша жаңа Өскемен су қоймасының құрылысы жүргізілуде. Бұл туралы жыл сайынғы есептік кездесу барысында Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мәлімдеді. Жиынға ШҚО әкімі Даниал Ахметов те қатысты.
- Өскемендіктерді биыл жағымды өзгерістер күтіп тұр. Мәселен, Красина кентіне, Меновное және Ахмер ауылдарына сумен жабдықтау желілері, Меновное ауылы мен Тракторная көшесіндегі кәріз желілері қайта жаңартылады. 20-шы, 22-ші, 25-ші, 27-ші және 28-ші жеке тұрғын үй аудандарын сумен және электрмен жабдықтау бойынша жұмыстар жалғасады. Сонымен қатар, 50 мыңнан астам адамды ауыз сумен қамтамасыз ететін Октябрь су қоймасын қайта жаңарту жобасы аяқталды. Қаланың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін жаңа Өскемен су қоймасының құрылысы жүргізілуде,– деді Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.
Қала әкімінің айтуынша, өткен жылы "Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020" бағдарламасы аясында қалада 7,5 мың жұмыс орны құрылып, 31 млрд.теңгеден астам сомаға 114 жоба іске асты. 305 көпбалалы отбасы, 127 жетім балалар мен халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарының 317 өкілі баспаналы болды. Сондай-ақ, 63 білім беру нысаны жөнделіп, жеті мектеп ғимараты тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға бейімделді.
Есеп беру кездесуге қала тұрғындары да онлайн қатысып, бірқатар өзекті сұрақтарды қала басшысына қойды.
– Біз 23 шағын аудан тұрғындары жолдар асфальтталып, көше жарығы орнатылғанына қуаныштымыз. Бірақ ауданға орталықтандырылған жарық жүйесі тартылмаған. Соның салдарынан тұрғындар жеке ұйымның электрмен жабдықтауына жүгінген. Электр энергиясының бағасы өте қымбат. Ауданға қашан орталықтандырылған жарық тартылады, - десе 23 шағын аудан тұрғыны, Instagram желісінің қолданушысы Прудхоз ауданы туралы сұрады:
– Прудхоз шағын ауданының жолы өте нашар, қоғамдық көліктер бізге барудан бас тартады. Сонымен қоса, орталықтандырылған су ауданға тартыла ма? - деді.
Жақсылық Омар, 23 шағын ауданды электрмен жабдықтаудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын, ағымдағы жылы қаражат бөлінсе жүзеге асырылатынын жеткізді. Жалпы, жоба бойынша 430 абонент, яғни 1290 адам жарықпен қамтамасыз етіледі. Желілердің жалпы ұзындығы 41,8 шақырымды қамтиды. Ал, Прудхоз шағын ауданының жолдарына көктемде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, таза ауыз су құбырларын тарту басталады.
Кездесу соңында аймақ басшысы өткен жылы Өскемен қаласында атқарылған жұмыстарға оң баға берді:
- Өскемен қаласы бойынша өткен жылы әлеуметтік жобалар қарқынды іске асты. Әсіресе, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды қолдау бойынша атқарылған тиімді іс-шаралар үшін ризамын. Өткен жылы баспаналы болғандардың саны артқаны қуантады. Бұл қарқын биыл да жалғасын табу керек, - деп қорытындылады Даниал Ахметов.