
Бұл туралы Тарбағатай ауданы әкімі Асхат Смаилов есеп беру кездесуінде баяндады. Қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жиынға ШҚО әкімі Даниал Ахметов пен аудан тұрғындары онлайн форматта қатысты.
Көп жылдар бойы Тарбағатай ауданының шекаралық аймағындағы ауылдық мекендердің тұрғындары үшін интернет сапасы күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе екені белгілі. Аудан әкімінің айтуынша, бұл сұрақтардың оң шешімін табу үшін бүгінде ауылдарға байланыс орнату жұмысы қарқынды жүріп жатыр.
- 2020 жылдың I тоқсанында 1,2 метр тереңдікте кабельмен кең жолақты шыны-талшықты интернет байланыс жүйесі Тарбағатай ауданы бойынша 8 ауылдық округтеріне қарасты 11 елді мекендерге тартылды. Ұзындығы 260 шақырымды құрайды. Ол 8 ауылдық округтің әкімшілік ғимаратына, 8 дәрігерлік емханаға, 8 учаскелік пунктке және 19 мектепке орнатылған. Алдағы уақытта осы ауылдардың тұрғындарына 4 G интернет жүйесі беріледі. Жалпы, өткен жылы байланыс жүйесін орнатуға 543 млн. теңге бөлінген. Ағымдағы жылы да жұмыс жалғасын табады. Ұялы және интернет байланысында проблема бар елді мекендерді қамтамасыз етуге спутниктік және радиорелелік байланыс желілері арқылы актив, билайн және теле-2 байланыстарын орнату жоспарлануда, - деді аудан әкімі.
Жалпы былтыр Тарбағатай ауданы тұрғындарының әл-ауқатын арттыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға 48 пәтер пайдалануға берілді. Аудан тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Ақмектеп, Екпін ауылдарына жаңадан су құбыры салынып, Маңырақ ауылындағы желілер қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Одан өзге Айнабастау, Алғабас, Ақжал, Жолқұрылыс елді мекендеріне блокты-модульді станциялар орнатылды. Нәтижесінде аудандағы 52 елді мекен таза сумен қамтамасыз етіліп, қамтылу 95,5 пайызды құрады.
Жиынға қатысқан аймақ басшысы Даниал Ахметов аудандағы коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларына оң баға берді:
- Эпидемиялогиялық жағдайдың барлық кезеңінде аудан бойынша коронавирустық инфекциямен ауырған 559 науқас тіркелген. Соңғы уақытта бұл көрсеткіш азайып, науқастар мүлдем жоқ. Бұл аудандағы індеттің алдын алу шарасы мен медицинасының сапасын көрсетеді. Өткен жылы Ақсуат ауылындағы ескі аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатынмын. Сондай-ақ, Ақжар ауылындағы №2 аудандық аурухана ғимаратының лифтісі 18,2 млн. теңгеге, Ақсуат ауылындағы аудандық аурухананың жылу қазандығы 37,6 млн. теңгеге күрделі жөндеуден өтті. Ауруханаларды заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында 244 млн. теңгеге 22 медициналық жабдықтар сатып алынды. Ауданға 9 жедел жәрдем көлігі берілді, - деп атап өтті өңір басшысы.
Айта кету керек, аудан көлемінде тұрғындарға 2 аудандық аурухана, 28 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік және 33 медициналық пункт қызмет көрсетеді.