Шығыстың қақпасы саналатын киелі Зайсан жер асты қазба байлықтарына толы аудандардың бірі. Аудан тұрғындары бүгінде мұнай мен көгілдір отынның қызығын көруде. Ауданымызда мұнай мен газдан басқа жер астынан шығатын минералды таза ауыз судың қоры да мол. "Су - тіршілік көзі" деп бекер айтылмаса керек. Минералды су тек ауыз су ретінде ғана емес емдік мақсатқа да қолданылатынымен ерекше. Зайсан ауданы мемлекет басшысының шағын және орта бизнесті қолдау, тамақ өнеркәсібін дамыту сынды тапсырмалары негізінде жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Сөзімізге дәлел облыс әкімінің қолдауымен Дайыр ауылында орналасқан минералды таза ауыз суын өндіру мақсатында 1 650 741 389,36 теңгеге инвестиция тартылды. Инвестор компания Оралханов Мәди Оралханұлы басшылық ететін "Arnna Minerals" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2019 жылдың маусым айында "Arnna Minerals" ЖШС "Жұмыспен қамту жол картасы 2020" бағдарламасы аясында «Бөтелкедегі артезиандық ауыз су (газдалған және газсыз) және алкогольсіз газдалған сусындар өндірісі бойынша кешеннің құрылысын бастады. Кешен құрылысының қазағы аудан әкімі С.Зайнулдиннің, аудан тұрғындарының қатысуымен, қазыналы қариялардың ақ батасымен қағылған болатын. Содан бері кешен құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарына 45 адам қатысуда. Өткен жылдың қараша айында Ираннан қажетті жабдықтар сатып алынып, орнатылады. "Arnna Minerals" ЖШС директоры Мәди Оралханұлының айтуынша жоба толық іске кіріскен кезде жылына 27 миллион литр су өндірілетін болады (оның ішінде 18 миллион литр артезиандық ауыз су, 9 миллион литр алкогольсіз газдалған сусындар бар). Сондай-ақ, 57 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр және алғашқы өнім осы жылдың аяғына дейін шығарылмақ. Зайсан ауданы үшін құрылыс кешенінің тезірек іске қосылып, өнімнің сапалы шығуы үлкен жетістік әрі зор қуаныш. Жаңа кәсіпорында жаңа жұмыс орындарының ашылуы аудан халқының тұрақты жұмысқа орналасуына таптырмас мүмкіндік. Сондай-ақ, "Arnna Minerals" өнімдері аймақтық, республикалық және халықаралық нарықтарға шығу арқылы бәсекелестікті нығайтып, сұранысты қамтамасыз ететініне сенеміз. Дертке шипа, ағзаға қуат беретін Зайсан суының дәмін татып, таңдай қағатын уақыт та алыс емес.