Даниал Ахметов Өскемен қаласында тұрғын үйді пайдалануға беру жұмысын сынға алды

Даниал Ахметов Өскемен қаласында тұрғын үйді пайдалануға беру жұмысын сынға алды

Даниал Ахметов Өскемен қаласында тұрғын үйді пайдалануға беру жұмысын сынға алды

 

ШҚО-да өткен жылы әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері оң динамикамен аяқталды. Бұл туралы бүгін облыс әкімдігінің отырысында айтылды.

 

Өткен жылы өңірде 519,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жолдардың 85% - ы жөнделді. Облыс экономикасына 714,5 млрд. теңге инвестиция артылды, бұл 2019 жылға қарағанда 112% - ға жоғары. Сонымен қатар, "Бизнестің жол картасы-2025" аясында ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге 517 млн.теңгеге 106 грант берілді.

Алайда, бірқатар қалалар межелі көрсеткіштерге қол жеткізе алмаған. Аймақ басшысы Даниал Ахметов Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мен орынбасары Бақытжан Байахметовтың тұрғын үй құрылысы мен пайдалануға беру бағытында атқарған жұмыстарын сынға алды.

-        Өткен жылы қол жеткізген оң көрсеткіштерге және тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарын 117,4%-ға асыра орындағанымызға қарамастан, Өскемен қаласында жоспар орындалмады. 69% деген өте төмен көрсеткіш. Бұл қала әкімі Жақсылық Омар мен менің орынбасарым Бақытжан Байахметов жіберген қателік. Бұған қарамастан, олар биылғы жылдың қазан айына дейін бір де бір шаршы метр тұрғын үйді іске қосуды жоспарлап отырған жоқ. Ал қаражат 100% бөлінген. Жұмаға дейін бұл жағдайды шешуді талап етемін, осы тақырып бойынша жеке жиналыс өткіземін, – деп атап өтті ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Сондай-ақ, өңір басшысы Семей, Өскемен, Риддер қалаларындағы балабақшалардағы кезек мәселесіне тоқталды.

-        Менің орынбасарым Әлішер Мархабатқа, сондай-ақ Семей, Өскемен, Риддер және Курчатов қалаларының әкімдеріне мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында белсенді жұмыс істеуді тапсырамын. Он күн ішінде маған нақты ұсыныс енгізіңіздер, - деді Даниал Ахметов.

Сонымен қатар, өңір басшысы барлық қалалар мен аудандардың әкімдеріне тұрақты мониторинг жүргізе отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды.