2021 жылы ШҚО-да 8,8 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады

2021 жылы ШҚО-да 8,8 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады

2021 жылы ШҚО-да 8,8 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады


Бүгін Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі отырысында атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселелері талқыланды. Аймақ басшысы Даниал Ахметов өткен жылға қорытынды жасап, 2021 жылға бірқатар міндеттер қойды.

ШҚО бойынша өткен жылы жалпы сомасы 4,7 млрд. теңгені құраған атаулы әлеуметтік көмекті 10 969 отбасы алған. Мемлекеттік жәрдемақыны тағайындаудан бөлек, өңірде оларды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу бағытында қарқынды жұмыстар атқарылды. Нәтижесінде 2020 жылы АӘК алушылар қатарынан 2907 адам жұмысқа орналастырылды. Ал «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсібін бастау үшін 636 грант көпбалалы, 239 грант аз қамтылған отбасына берілді.
- Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан 1060 өтінім келіп түсті. Оның 875-і, яғни, 82% қанағаттандырылды. Облыс әкімінің өкімімен 2020 жылы көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мәселелері бойынша қалалық және аудандық қоғамдық комиссиялар құрылған. Құрамына көпбалалы аналар қоғамдастығының көшбасшылары енгізілді. Олар жыл көлемінде тұрғын үй, грант бөлу, сондай-ақ оқу процесін, мектеп формасымен қамтамасыз ету, тамақтану және т.б. мәселелер бойынша 77 түсіндірме жұмыс жүргізді. Облысымызда "Ақ ұлпа аналары" және "Үйлесім" қоғамдық бірлестіктері құрылғанын атап өткім келеді, - деді ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев.
Басқарма басшысының айтуынша, 2021 жылы АӘК алатын отбасылардағы 1-ден 6 жасқа дейінгі 11 мың бала үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет арнайы портал арқылы қамтамасыз етілмек. Бұл мемлекеттен қарастырылған қолдау қорын жеткізуші компанияны таңдау мүмкіндігін береді. Облыс әкімі Даниал Ахметов атқарылған жұмыс ауқымына оң бағасын беріп, 2021 жылға бірқатар міндеттер жүктеді.
- Өткен жылы айтулы жұмыстар атқарылды. Десе де, биыл еңбекке қабілетті атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің оңтайлы жолдарын табуды тапсырамын. Гранттар мен микрокредиттерді бөлу барысын қатаң қадағалаңыздар. Сонымен қатар аға буын өкілдерін сауықтыру бойынша жеке жоба дайындауды тапсырамын. Олар еліміздің дамуына сүбелі үлес қосты. Өңірде ол үшін барлық жағдай, жақсы орталықтар бар, - деп атап өтті Даниал Ахметов.
Жалпы, 2021 жылы 8,8 мың отбасына АӘК тағайындау жоспарланған. Оның аясында 42 мыңнан астам адам, сондай-ақ 1 жастан 6 жасқа дейінгі 11 мың бала азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық құралдармен қамтамасыз етіледі.