Ақмектепке «Ақ бұлақтың» суы келді

Ақмектепке «Ақ бұлақтың» суы келді

Ақмектепке «Ақ бұлақтың» суы келді

Тарбағатай ауданында мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасының шарапаты Ақмектеп ауылының тұрғындарына шаттық сыйлады. Су скважинасының 2019 жылы тамыз айында басталған құрылысы биыл аяқталып, салтанатты жағдайда іске қосылды.
Тарбағатай ауданының әкімі Асхат Сайдахметұлы халық денсаулығы үшін маңызды саналатын ауызсудың игілікке берілу қуанышымен құттықтап, Ақмектеп ауылының береке-бірлігін атап айтты.
Ауыл тұрғыны Алтын Мәкенова: «Бұл бізге тамаша тарту болды. Жалпы, «Ақ бұлақ» бағдарламасының елге берері мол. Біз секілді зейнеткерлерге көп жеңілдік. Енді суды даладан тасымайтын болдық. Алғысымыз шексіз»,-дейді.
60 метрлік тереңдіктен шығатын таза су ауылдағы үйді-үйге толықтай кіргізілген. Қыстың қарлы, аязды күндері су тасу машақатынан ажыратып, қаладағыдай өркениетті тұрмыс-тіршілік ауылдарға да жетуде. Бұл мемлекеттің шалғай ауылдарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау саясатының бір тармағы десек те болады.
Тарбағатай аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің келтірген дерегіне сүйенсек, жыл басында аудандағы 45 елді мекен таза ауыз сумен қаматамасыз етілді. Ол барлық елді мекеннің 75 пайызын құрайды. Сонымен қатар, Ақмектеп, Екпін ауылдарына жаңадан су құбыры салынса, Маңырақ ауылының су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Одан өзге Айнабастау, Алғабас, Ақжал, Жолқұрылыс елді мекендеріне блок модульді станциялар орнатылды. Осы жобаларға бөлінген қаражат көлемі 812,2 млн теңгені құрады. Нәтижесінде аудандағы 51 елді мекен таза сумен қамтамасыз етіліп, қамтылу 85 пайызды құрады. Кешенді дамыту жоспары бойынша 2022 жылға қарай аудандағы барлық елді мекендер 100 пайыз қамтамасыз етілетін болады.