«Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумы: ШҚО-да автокөлік шығару және қалдықтарды өңдеу кешендері құрылады

«Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумы: ШҚО-да автокөлік шығару және қалдықтарды өңдеу кешендері құрылады

Алматыда өткен «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумы аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңір үшін маңызды екі ірі жоба бойынша меморандумға қол қойды.

Алғашқы меморандумға аймақ басшысы мен кәсіпкер Серік Әжімұратов қол қойды. Құжат қазақстандық-қытайлық бірлескен «East Motors Corporation» ЖШС құру және өңірде жеңіл автомобильдер, арнайы техника мен заманауи қозғалтқыштар шығаратын өндірістік кешен салу жобасын көздейді.

Дайындық кезеңі аяқталғаннан кейін жобаға салынатын инвестиция көлемі шамамен 110 млрд теңгені құрайды. Жобаны іске асыру барысында бастапқы кезеңде 150-ге дейін жұмыс орнын ашу жоспарланса, кәсіпорын толық өндірістік қуатына шыққаннан кейін бұл көрсеткіш 500-ге дейін жетеді.

Өндірісті кезең-кезеңімен дамыту көзделген. Алдымен ірі торапты құрастырудан басталып, кейін дәнекерлеу, шанақтарды өңдеу және бояу, соңғы құрастыру жұмыстары қамтылатын толық технологиялық циклге көшу жоспарланып отыр. Кешеннің жылдық өндірістік қуаты 80 мың данаға дейін автокөлік пен арнайы техниканы құрайды.

Өндірілген өнім Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне, Орталық Азия мемлекеттеріне және басқа да шетелдік нарықтарға экспортталады. Ал ішкі нарықта автокомпоненттер өндірісінің ұлғаюы аралас салалардағы кәсіпорындардың дамуына серпін бермек.

Екінші меморандумды ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Beijing Tizhi Trading Co., Ltd. компаниясымен жасасты. Құжат тұрмыстық және тұнба қалдықтарын өңдейтін, тәулігіне 500-700 тоннаға дейін қалдық қабылдайтын кешен құруды көздейді. Жобаға шамамен 35,8 млрд теңге инвестиция салынады деп жоспарлануда.

Жобаны іске асыру экология, энергетика және ауыл шаруашылығы салаларына оң әсер етеді деп күтілуде. Ең алдымен, қазіргі таңда полигондарға жиналатын қалдықтар көлемін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жыл сайын кемінде 59 млн кВт·сағат электр энергиясын өндіру және органикалық тыңайтқыштар шығару жоспарланған.

Айта кетейік, бұған дейін 22 қыркүйекте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Dengbo Success Minerals Ltd. компаниясымен меморандумға қол қойылған болатын. Компания «Ново-Березовское» кен орнындағы мыс-мырыш кендерін өндіру және өңдеу жобасын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Аталған жоба бойынша алғашқы меморандумға өткен жылдың қазан айында Астанада өткен Kazakhstan Global Investment Roundtable жиынында қол қойылған.

Ал 1,5 млрд теңге көлеміндегі жаңа меморандум инвестордың Глубокое ауданы мен Верхнеберезовский кентінің тұрғындары алдындағы бірқатар әлеуметтік міндеттемелерін қарастырады.

Жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы өңір экономикасының дамуына ықпал етіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықты жұмыспен қамту мәселесін шешуге, техникалық мамандықтарға сұранысты арттыруға және жергілікті тауар өндірушілер мен жеткізушілер үшін жаңа тапсырыстар қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Өңірде инвестиция тарту жұмыстары қарқынды дамып келе жатқан туризм саласында да жалғасуда. Қазіргі уақытта «Katon Park Resort», «FOREST HILLS», «ORNEK AUYLY», «ULAR PARK» және Медведка орманшылығы аумағындағы глэмпингтерді қоса алғанда, бес ірі жоба жүзеге асырылуда. Осы жобалардың өзіне салынатын инвестицияның жалпы көлемі 124 млрд теңгені құрайды.

Былтыр туризм саласында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 21,6 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 45%-ға өскен. Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында бұл бағытқа 9,5 млрд теңге инвестиция тартылды.

Осылайша, бизнеспен ынтымақтастық өңір үшін бірнеше маңызды міндетті қатар шешуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, перспективалы жобаларды іске асыру, жаңа өндірістер құру, әлеуметтік мәселелерді шешуге инвестиция тарту, әлеуметтік нысандар салу және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылады.

Фото ҚР Президентінің баспасөз қызметінен және ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен.

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).