
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Марқакөл ауданына жұмыс сапары барысында Қалжыр ауылындағы жаңа спорт модулінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Нысанның жалпы аумағы 850 шаршы метрден асады. Мұнда 5 жаттықтырушы-оқытушы қызмет атқармақ. Спорт модулі ауыл балаларының спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік бермек.
«Облыста Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы жаңа спорт кешенінде балаларымыз жүйелі түрде спортпен шұғылданып, республикалық, халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, биік белестерді бағындырады деп сенеміз», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Сондай-ақ облыс әкімі Қалжыр ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жұмысымен танысты. Медициналық мекеме ауылдың 1145 тұрғынына алғашқы медициналық-санитарлық, амбулаториялық-емханалық және стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсетеді. Амбулатория жанында 2 төсекке арналған күндізгі стационар жұмыс істейді. Ауылдық амбулаторияның құрамына «Қазақстан», «Жаңауыл» және «Тақыр» медициналық пункттері кіреді. Мұнда 12 адам жұмыс істейді. Жыл басынан бері ауылда 7 сәби дүниеге келген. Ана мен бала өлімі тіркелген жоқ.
Қазіргі таңда диспансерлік есепте 230-дан астам тұрғын тұр. Азаматтарды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге басымдық берілген. Ұлттық дәрі-дәрмек саясаты аясында республикалық бюджет қаражаты есебінен 150-ден астам дәрілік препарат тегін босатылады.
Аймақ басшысы медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарына қажетті медициналық көмекті уақтылы көрсету мәселелеріне назар аударды.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).