
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде ірі инвестормен маңызды меморандумға қол қойылды.
Глубокое ауданындағы «Ново-Березовское» кен орнында жүзеге асырылатын жобаның тарихы бүгін басталған жоқ. Былтыр қазан айында Астанада өткен Kazakhstan Global Investment Roundtable іс-шарасында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Dengbo Success Minerals Ltd. компаниясымен меморандумға қол қойды. Компания «Ново-Березовское» кен орнында мыс-мырыш кендерін өндіру және өңдеуді жоспарлап отыр. Енді бұл уағдаластықтар әлеуметтік бағытта жалғасын тапты. Жаңа меморандумда инвестордың аумақты дамытуға қатысуы жеке көрсетілген. Атап айтқанда, Верхнеберезовский кентінде аудандық жол учаскесін күтіп-ұстау, тиісті бос жұмыс орындары болған жағдайда жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыру. Жалпы, бес жүзден астам жұмыс орнын құру жоспарлануда. Сонымен қатар Глубокое техникалық колледжінің түлектері де жұмысқа орналаса алады.
Верхнеберезовский кентін дамытуға да ерекше назар аударылады. Компания аудандық автожолдың бір бөлігін күтіп-ұстауға қатысады. 2027-2035 жылдары ауылдың әлеуметтік жобаларын қаржыландыруға 1,5 млрд теңгеге дейін қаражат бөлу жоспарлануда. Бұл – әлеуметтік осал тұрғындарды қолдау, әлеуметтік нысандардың материалдық-техникалық базасын нығайту және тараптар бірге айқындайтын басқа да бастамалар.
Сондай-ақ инвестор көппәтерлі тұрғын үй қорын қалпына келтіру және жаңғырту бағдарламасын әзірлеуді жоспарлап отыр. Тағы бір нақты шешім – мүгедектігі бар адамдарды, оның ішінде кресло-арбаны пайдаланатын азаматтарды тасымалдауға арналған мамандандырылған автокөлік сатып алу.
Меморандум жергілікті бизнестің жобаға кеңінен қатысуын да көздейді. Компания кәсіпорын жұмысына қажетті жергілікті тауарлар мен қызметтердің үлесін арттыруды жоспарлап отыр. Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өз өкілеттіктері шеңберінде инвестициялық жобаны сүйемелдеп, компанияның мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын үйлестіреді және туындайтын әкімшілік мәселелерді шешуге жәрдемдеседі.
«Жаңа жұмыс орындары, жолдар, тұрғын үй, әлеуметтік саланы қолдау – инвестор жұмыс істейтін аумақтардың тұрғындары осындай нақты әлеуметтік жауапкершілікке негізделген жобалардың нәтижесін сезінуі тиіс», – деп атап өтті Нұрымбет Сақтағанов.
Шығыс Қазақстан үшін ірі инвестициялардың нәтижесі тек өндіріс орнына ғана емес, өңірдің дамуына да әсер етуі маңызды. Жаңа кәсіпорындар жұмыс орындарын құрып, жергілікті бизнесті тартып, өздері жұмыс істейтін елдімекендерді дамытуға атсалысуы тиіс. Бүгінде өңірдің инвесторлармен өзара іс-қимылында осы тәсіл негізгі қағидаға айналып отыр.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).
.