
Бүгін Өскемен қаласында жалпыхалықтық «Таза Қазақстан» бағдарламасы және Дүниежүзілік тазалық күні - World Cleanup Day аясында ауқымды экологиялық акция өтті. Оған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Шараның негізгі бөлігі Тәуелсіздік монументі аумағында ұйымдастырылды. Мұнда 250 көшет отырғызылды. Көшеттердің биіктігі 1,5-2 метрді құрайды.
Шараға жалпы саны 700-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында жоғары оқу орындары мен колледждердің 200 студенті, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, мемлекеттік және коммуналдық мекемелердің қызметкерлері бар.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей: «Таза Қазақстан» - жай ғана науқан емес. Бұл - халқымыздың көзқарасын, болмысын өзгерте алатын өте маңызды жоба». Тазалық - тек айналаны қоқыстан арылтумен шектелмейді. Ол - туған жерге жанашырлық таныту, қоғамдық жауапкершілікті сезіну және келер ұрпаққа үлгі болу. Әр таза аула, әр көрікті көше мен саябақ - баршамыздың ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Осы игі бастамаға белсене атсалысып отырған барша азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін», - деді аймақ басшысы.
Нұрымбет Сақтағанов та шараға қатысушылармен бірге көшет отырғызды. Акция барысында жиналғандар аумақты тазалап, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.
Айта кетейік, Президенттің 2021-2027 жылдары 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Шығыс Қазақстанда 2027 жылға дейін 76 млн көшет отырғызу жоспарланған. Соңғы бес жылда өңірде 40 млн-нан астам көшет отырғызылды. Биыл 1,5 мың гектар аумаққа 6,1 млн көшет егілді.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).