«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз»: Президент кітабындағы қоғамдық құндылықтар студенттер назарына ұсынылды

«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз»: Президент кітабындағы қоғамдық құндылықтар студенттер назарына ұсынылды

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабы студенттерге таныстырылды. Кездесуде туындыда көтерілген қоғамдық-саяси мәселелер, заң мен тәртіп, ұлттық құндылықтар, білім мен ғылым, жастардың ел дамуындағы рөлі сөз болды.

Кітапқа Президенттің әр жылдары жасаған баяндамалары, мақалалары, сұхбаттары мен сөйлеген сөздері топтастырылған. 21 тақырыптық бөлімнен тұратын жинақта саясат пен экономикадан бөлек, тіл, білім, ғылым, мәдениет, руханият, жастар және экологиялық мәдениет мәселелері қамтылған.

Еңбектің негізгі өзегінде қазіргі Қазақстанның даму бағыты, қоғамдық жауапкершілік, мемлекет пен азамат арасындағы өзара міндет, сондай-ақ әділетті қоғам қалыптастыруға қажетті құндылықтар туралы ойлар тоғысады.

Кездесуде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев кітапты жастардың ой-өрісін кеңейтетін еңбек ретінде бағалап, оны асығыс шолып шығудан гөрі, әр тараудағы негізгі ойларға мән бере отырып оқуға шақырды.

– «Таза Қазақстан», «Адал азамат», Абайдың «толық адам» ілімі – осының барлығы Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабында көрініс табады. Әр тарауын жеке түсініп оқысаңыздар, көзқарастарыңыз бен көкжиектеріңіз кеңейеді деп сенемін. «Әділетті Қазақстан» ұғымына қандай факторлар әсер етеді деген сұраққа да осы кітаптан жауап табуға болады. Еңбектегі дүниені әспеттеп дәріптегеннен гөрі, түсініп оқыған әлдеқайда маңызды, – деді Айдар Серікқазыұлы.
Оның айтуынша, әділетті қоғамның орнығуы тек мемлекеттік шешімдерге емес, азаматтардың өзара қарым-қатынасына, жауапкершілігіне және қоғамдық келісімге де байланысты.

– Береке мен бірлік, тұрақтылық пен тыныштық, татулық пен келісім – біздің басты байлығымыз. Ел дамуы үшін тұрақтылық керек, ал тұрақтылық өзара түсіністіктен басталады. Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген сөзі де бүгін өз мәнін жоғалтқан жоқ, – деді ол.
Кітаптағы «Заң және тәртіп» бағытына С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті құқықтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Гүлмира Байркенова тоқталды. Ғалымның пікірінше, заң талаптарын сақтау – қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз етудің ғана емес, азаматтық жауапкершілікті қалыптастырудың да маңызды тетігі.

– Мемлекет басшысы кітабындағы «Заң және тәртіп» бөлімінде әділетті қоғам құру үшін заң талаптарының сақталуы маңызды екеніне назар аударады. Бұл жерде жауапкершілік тек мемлекетке жүктелмейді. Әр азаматтың заңды сақтауы мен тәртіпке бағынуы маңызды. Мұны болашақта әділетті қоғам құрудың негізгі шарттарының бірі деуге болады, – деді Гүлмира Төлеубекқызы.
Ал Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ШҚО бойынша филиалының директоры Айгүл Қауатайқызы кітаптың уақыт ауқымына назар аударды. Оның айтуынша, жинақта Президенттің қазіргі кезеңдегі ұстанымдарымен қатар, бұған дейінгі жылдары айтылған маңызды ойлары да қамтылған.

– Бұл кітапта Мемлекет басшысының 2019 жылдан бергі президенттік қызметі кезінде айтқан ойларымен қатар, бұған дейінгі жылдардағы маңызды тұжырымдары да жинақталған. Әр тарауда бүгінгі қазақ қоғамына қатысты пікірлер бар. Ұлт сапасы, тіл, кез келген кәсіптегі жауапкершілік, Отанға деген сүйіспеншілік, отаншылдық, тәуелсіздікті бағалау және ел басқару ісіне қатысты терең ойлар қамтылған, – деді Айгүл Сейілхан.
Кездесудің студенттер үшін маңызды тұсының бірі – кітап мазмұнын дайын тұжырым ретінде қабылдамай, ондағы ойлардың қазіргі қоғамдық үдерістермен байланысын талқылау болды. Жастар заң мен тәртіп, азаматтық жауапкершілік, ұлттық құндылықтар, отаншылдық және елдің дамуындағы өз рөлдері туралы пікір алмасты.

«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы осы тұрғыдан Мемлекет басшысының әр жылдары айтқан пікірлерін бір арнаға тоғыстырып қана қоймай, бүгінгі қоғам алдында тұрған мәселелерге көзқарасын зерделеуге мүмкіндік беретін жинақ ретінде ұсынылды.