ШҚО-да цифрландыруды дамыту, жаңа қаржылық құралдарды енгізу және киберқауіпсіздік мәселелері талқыланды

ШҚО-да цифрландыруды дамыту, жаңа қаржылық құралдарды енгізу және киберқауіпсіздік мәселелері талқыланды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов цифрлық активтерді дамыту мәселелеріне арналған Үкімет отырысына қатысты. Жиында инвестиция тартудың жаңа тетіктері, цифрлық теңгені қолдану және технологиялық салаларға мамандар даярлау тақырыптары талқыланды.

Шығыс Қазақстан үшін инфрақұрылымдық және өндірістік жобаларды қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту, бюджет қаражатының жұмсалу ашықтығын арттыру және жергілікті технологиялық компанияларды дамыту бағыттары маңызды.

Отырыста нақты активтерді токенизациялау (Бұл - цифрлық құралдар арқылы капитал тартуға мүмкіндік беретін тетік) мәселесі қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлттық банкке басымдық берілетін активтерді айқындап, операцияларды нақты реттеуді және мәмілелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Тағы бір маңызды бағыт - цифрлық теңгені, оның ішінде мемлекеттік сатып алулар саласында қолдану аясын кеңейту. Оны пайдалану бюджет қаражатын жұмсаудың тиімділігін арттырып, есеп айырысу үдерістерін автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар кадр даярлау, отандық әзірлеушілерді қолдау және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері белгіленді. Бұл шаралар өңірлердегі технологиялық құзыреттерді дамытуға және жаңа цифрлық шешімдерді енгізуге ықпал етеді.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).