
Шығыс Қазақстан облысында алғаш рет «Кітап оқитын ұлт» облыстық кітап оқу марафоны басталды. Жоба ҚР Президентінің 2026 жылғы 16 мамырдағы №1279 «Оқу мәдениетін дамыту және оқитын ұлтты қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы аясында жүзеге асырылады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасенов мәлімдеді.
Марафонның мақсаты – тұрғындардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру, әдебиетті және жергілікті авторлардың шығармаларын кеңінен насихаттау. Жоба биыл қыркүйектен 2027 жылдың сәуіріне дейін жалғасады.
Ауқымды жобаға жасына, әлеуметтік мәртебесі мен қызмет саласына қарамастан облыстың кез келген тұрғыны қатыса алады. Оған балалар мен жастарды, ересектерді, еңбек ұжымдарын, ұстаздарды, кітапханашыларды, мәдениет саласының қызметкерлерін тарту көзделген.
Байқау алты бағыт бойынша өтеді. «Үздік оқырман оқушы» – 6–10-сынып оқушыларына, «Үздік оқырман студент» – колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне, «Үздік оқырман оқытушы» – мұғалімдер мен оқытушыларға арналған. «Үздік оқырман әулет» бағытына құрамында үштен бес адамға дейінгі отбасылар қатысады. Бұдан бөлек, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған «Инклюзивті ортадағы үздік оқырман» және түрлі мекемелер мен ұйымдардың мамандарын қамтитын «Үздік оқырман қызметкер» бағыттары қарастырылған.
Әр санат бойынша оқылатын әдебиеттердің арнайы тізімі бекітілді. Қатысушылар 2027 жылғы сәуірде таңдаған шығармалары бойынша тестілеуден өтеді.
Марафонның гранд-финалы 2027 жылғы 23 сәуірде – Ұлттық кітап күні ұйымдастырылады.
Жоба кітап оқуды күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдырып, оқырмандар арасында шығармаларды талқылау және пікір алмасу мәдениетін дамытуға бағытталған. Марафон туралы толық ақпарат пен ұсынылатын әдебиеттер тізімі А.С. Пушкин атындағы ШҚО кітапханасының сайтында жарияланған.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ