Ұлан ауданында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында құрылыс жұмыстары қарқынды

Ұлан ауданында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында құрылыс жұмыстары қарқынды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ұлан ауданына жасаған жұмыс сапары барысында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында Герасимовка ауылында салынған тұрғын үйлерге барды.

Мұнда 2022-2025 жылдары 50 екі пәтерлі үй бой көтеріп, жалпы саны 100 пәтер пайдалануға берілген. Тұрғын үйлердің жалпы алаңы 7,6 мың шаршы метрді құрайды.

Ауылда тұрғын үй құрылысы осымен тоқтамай, ары қарай жалғаспақ. Инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер учаскелерінде тағы 20 екі пәтерлі үй салуға мүмкіндік бар. Нәтижесінде қосымша 40 пәтер пайдалануға беріледі. Облыс әкімі өз сөзінде жаңа үйлердің бос тұрмауы тиістігін жеткізді.

«Үйді салып жатып онда тұратын адамдармен қатар жұмыс істеу керек. Егер үй ұзақ уақыт бос тұрса тез тозып кетеді. Одан соң Үкімет есебінен су да, жарық та тартылған жерлерді алған азаматтар үйді уақтылы салулары тиіс», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Жаңа тұрғын үй алабын абаттандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. 2025 жылы 2,7 шақырым көше жөнделді. Алдағы уақытта тағы 3,5 шақырым көшені жөндеп, асфальттау жоспарлануда. Сонымен қатар екі балалар алаңы мен сквер салу көзделген.

Айта кетейік, «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы ауылдардағы тұрғын үйлер санын арттырып, халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтуға және елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік беріп отыр.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).