Қазақстанда мектеп бағдарламалары мен білімді бағалау жүйесіне өзгерістер енгізілді

Қазақстанда мектеп бағдарламалары мен білімді бағалау жүйесіне өзгерістер енгізілді

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінде бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілдері қайта қаралды. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2–4 сыныптарда бағалаудың жаңартылған тәсілдері енгізіледі.

Министрліктің мәліметінше, 1-сыныпта баға қойылмайды. Ал оқу бөлімдерін меңгеру нәтижелерін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі.

Қалыптастырушы бағалау бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі.

- Тоқсандық бағаның 50%-ы формативтік бағалау, 50%-ы аралық бағалау нәтижесінен құралады. Тоқсандық баға мектептің LMS жүйесінде белгіленген бірыңғай формула бойынша автоматты түрде есептеледі. Жүйеде оқушының аралық және формативтік бағалау нәтижелері және олардың қорытынды бағадағы үлесі көрсетіледі. Бұл тоқсандық бағаның қалай қалыптасқанын педагогке, оқушыға және ата-анаға түсінікті етеді, - делінген министрлік сайтында.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар жаңа міндетті оқу курстарымен толықтырылады. 5-7-сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері» пәні енгізіледі. 8-11-сыныптарда «Заң және тәртіп» міндетті оқу курсы енгізіледі. Сонымен бірге 5-11-сынып оқушылары үшін «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курсы енгізіледі. Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» курсы барлық оқушылар үшін міндетті пәнге айналады және мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілді.