
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен облыс әкімдігінің кезекті отырысы өтті. Жиынға қала және аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен ведомстволардың басшылары қатысты.
Отырыста 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралып, жылдың екінші жартыжылдығына арналған міндеттер айқындалды.
ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлшат Қорғанбекованың айтуынша, алты айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 9,9%-ға өскен. Оның ішінде жеке инвестициялар 23,7%-ға артқан. Құрылыс жұмыстарының көлемі 22,3%-ға, ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 3,2%-ға ұлғайған. Сонымен қатар 150,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл жоспардың 103,4%-ын құрайды.
«Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығында 611,1 мың гектар жерге егіс егілді. Бұл белгіленген нысаналы көрсеткіштен 5,5 мың гектарға артық. Сегіз ауданда егіс алқаптары кеңейтілді. Ең жоғары өсім Зайсан ауданында – 3,1 мың гектарға, Үлкен Нарын ауданында – 2,6 мың гектарға және Тарбағатай ауданында – 2,2 мың гектарға артты», – деді ол.
Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен жобаларын жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасын іске асыру және Солтүстік Қазақстан облысының табысты тәжірибесін өңірде қолдану мәселесі қаралды.
«Ауыл тұрғындарын белсендірек қолдап, жаңа жобаларды іске қосып, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға жағдай жасауымыз қажет», – деді облыс әкімі.
Отырыста қаралған мәселелердің бірі – білім беру ұйымдарының 2026–2027 оқу жылына дайындығы.
«Орта білім беру жүйесіне 347 мемлекеттік және 7 жекеменшік мектеп кіреді. Жаңа оқу жылында оқушылар саны 100 мыңнан асады. 2026–2027 оқу жылына 103 білім беру ұйымына 126 автобус арқылы шамамен 5 мың баланы күнделікті тасымалдау ұйымдастырылды. Өңірдегі барлық мектеп бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Кедергісіз орта қалыптастыруға және инклюзивті білім беруге қажетті кадрлармен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Өңірдегі 482 мемлекеттік білім беру ұйымының 455-інде инклюзивті оқытуға жағдай жасалған», – деді ШҚО Білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов.
Жалпы өңірде 212 балабақша мен 168 шағын орталық жұмыс істейді. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтылуы 100%-ды, ал 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту көрсеткіші 99,3%-ды құрайды. Биыл 350 жаңа орын ашылды, жыл соңына дейін тағы 470 орын іске қосу жоспарланып отыр.
«Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, өнеркәсіп өндірісінің оң динамикасын қамтамасыз ету және 2026 жылдың соңына дейін болжамды көрсеткіштерді орындау үшін барлық қажетті шараны қабылдауы тиіс.
Сонымен қатар жеке инвестицияларды тарту және жаңа жобаларды іске асыру бойынша қосымша шаралар қабылдау қажет. Барлық құрылыс жұмысы бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, нысандардың сапаға нұқсан келтірмей, уақтылы пайдалануға берілуі қамтамасыз етілуі тиіс. Білім басқармасы оқу жылы басталғанға дейін балаларды оқулықтармен толық қамтамасыз етуді ұйымдастыруы қажет», – деді Нұрымбет Сақтағанов салалық басқарма өкілдеріне.
Облыс әкімі атап өткендей, әр бағыт бойынша жауапты басшыларға нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін тиісті тапсырмалар берілді.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).