ШҚО-да ұйымдар мен халыққа көмір жеткізу жұмыстары басталды

ШҚО-да ұйымдар мен халыққа көмір жеткізу жұмыстары басталды

Шығыс Қазақстан облысына жылыту маусымында 3 млн. тоннадан астам көмір қажет. Қазір қатты отын жылу көздеріне, тұрғындар мен бюджеттік ұйымдарға жеткізіліп жатыр.

Бұл туралы брифингте ШҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Самат Даиров мәлімдеді.

Өңірде азаматтарға көмір жеткізумен 18 оператор айналысады. Көмір тұйықтарындағы қор 13 мың тоннадан асады. Қор біртіндеп толықтырылып жатыр.

Жылыту маусымы жақындаған сайын көмірге сұраныс артып, ұзын-сонар кезек орын алуы мүмкін. Осыған байланысты тұрғындарға қажетті отынды күн суымай тұрып сатып алу ұсынылды.

— Тұрғындар ауа райының тосын мінез танытып, аязды күндердің басталуын күтпей, көмірді алдын ала сатып алуға шақырамыз. Бұл жылыту маусымын алаңсыз бастауға мүмкіндік береді, — деді  Самат Даиров.

Дереккөз: ШҚО ӨКҚ