
Тамыз айында Шығыс Қазақстанда аптап ыстық жалғасудк. ШҚО ТЖД құтқарушылары облыстың су айдындарында қауіпсіздік бойынша рейдтер жүргізіп жатыр. Жалпы шомылу маусымы басталғалы бері 1700 профилактикалық шара ұйымдастырылып, танымал демалыс орындары мен жағажайларда патрульдеу күшейтілді.
Жаздың басынан бері облыстың су айдындарында 10 азамат суға батып кетті. Судағы барлық жазатайым оқиғаның басты себебі - қауіпсіздік ережелерін бұзу, шомылуға тыйым салынған және қауіпті жерлерді таңдау.
ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 412-бабы бойынша 21 бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды (оның ішінде балаларды судың жанында қараусыз қалдырғаны үшін).
Шағын көлемді кемелерді пайдалану кезінде де қауіпсіздік мақсатында жұмыс жүргізілуде. ШҚО ТЖД қызметкерлері кеме иелеріне ережелерді түсіндіреді, нұсқаулықтар жүргізеді. Егер қауіпсіздік талаптарын сақтамау демалушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, кінәлілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады. Осылайша, шағын көлемді кемелерді пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 59 адам әкімшілік жауапқа тартылды.
Кеме жүргізушілеріне міндетті түрде құтқару кеудешелерін киюге, жолаушылардың рұқсат етілген санынан аспауға, мас күйінде суға шықпауға, ауа райы жағдайларын ескеруге және өзімен бірге қажетті құжаттарды алып жүруге кеңес беріледі.
«Азимут қауіпсіздікке» ауқымды профилактикалық акциясы аясында судағы қайғылы оқиғалардың алдын алуға және азаматтардың демалыста жүріс-тұрыс мәдениетін тәрбиелеуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Жедел әрекет ету үшін құтқарушылар қуатты қозғалтқыштармен, навигациялық құралдармен, байланыс құралдарымен және тіршілікті қамтамасыз ету элементтерімен жабдықталған заманауи қайықтарды пайдаланады.
ШҚО ТЖД ескертеді: демалу үшін тек қана жабдықталған және рұқсат етілген шомылу орындарын таңдау, құтқару кеудешелерін жүзу құралдарында пайдалану, балаларды судың жанында қараусыз қалдырмау және ауа-райы нашарлаған кезде акваторияға шығудан бас тарту қажет.
Дереккөз: ШҚО ТЖД