
Облыс орталығында Oskemen Open-2026 халықаралық шахмат турнирінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық шахмат жарыстарының бірі саналады.
Биылғы турнирге әлемнің 16 елінен екі жүзден астам кілең сайдың тасындай шахматшы жиналды.
Олардың қатарында 22 халықаралық гроссмейстер мен 29 халықаралық шебер бар.
Masters турнирінде 80 спортшы, ал Open санатында 121 қатысушы бақ сынауда.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Шығыс Қазақстан облысының әкімі мұндай ауқымды жарыстар өңірдің халықаралық беделін нығайтып, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
«Шығыс Қазақстанда осындай беделді халықаралық шахмат турнирін үшінші рет өткізу – біз үшін үлкен мәртебе. Осындай додалар жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, әлемнің үздік шахматшыларынан тәжірибе жинақтап, үлкен жеңістерге нық қадам жасауына жол ашады», – деді облыс әкімі.
Шығыс Қазақстанда бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгінде аймақта 1 628 спорт нысаны жұмыс істейді. 314 мыңға жуық адам, яғни облыс тұрғындарының 45 пайызы спортпен тұрақты түрде айналысады.
Өңірде шахмат спорты да қарқынды дамуда. Қазіргі таңда бұл спорт түрімен 10 мыңға жуық адам айналысады.
Олармен 85 жаттықтырушы жұмыс жүргізуде.
Шығыс Қазақстан мақтаныштарының бірі – Алдияр Аңсат. Ол небәрі 17 жасында халықаралық гроссмейстер атағын алуға қажетті барлық нормативтерді орындады.
Спорттық жолында Қазақстандағы ең жас шахмат атақтарының иегері атанып, халықаралық гроссмейстер дәрежесіне қол жеткізуі оның көп жылғы еңбегі мен халықаралық аренадағы табысты өнерінің заңды нәтижесі болды.
«Біз алдағы уақытта да спортты дамытуға қажетті жағдай жасап, дарынды жастарға қолдау көрсетіп, өңірімізде халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуді жалғастырамыз. Oskemen Open турнирі қатысушыларға тартысты партиялар, ал жанкүйерлерге ұмытылмас әсер сыйлайды деп сенемін», – деп түйіндеді Нұрымбет Сақтағанов.
Oskemen Open-2026 халықаралық турнирі бірнеше күнге созылады. Оның аясында әлемнің үздік шахматшылары өзара бақ сынайды.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).