
Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтырма кентінде коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл республикалық бюджеттен квартал ішілік жылу желілерін жаңартуға 5 млрд теңге бөлінді. Ал 2024 жылы мұнда магистральдық жылу желілері толықтай ауыстырылып, пайдалануға берілген болатын.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, Шығыс Қазақстандағы негізгі туристік бағыттардың бірі саналатын Бұқтырма жағалауына келетін демалушылар үшін де қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
«Мемлекет басшысының туризмді дамыту жөніндегі тапсырмасы - біздің жұмысымыздың негізгі бағыты. Осы тапсырма аясында 2024 жылдан Жаңа Бұқтырма кентін абаттандыру бойынша ауқымды жобаны іске асыруды бастадық. Үш жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Орталық алаң мен оған іргелес аумақтар абаттандырылып, құрғақ және классикалық екі субұрқақ орнатылды, жағажай ретке келтірілді. Жанармай құю бекеті мен балалар ойын алаңдарының маңында санитарлық-гигиеналық тораптар салынды.
Сонымен қатар қоқыс шығару мәселесі де толық шешімін тапты. Бұқтырма жағалауы мен Көгілдір шығанақтағы барлық демалыс базалары қоқыс шығару бойынша келісімшарт жасасты. Бұл жұмыс орталықтандырылған тәртіппен, бірыңғай тариф бойынша жүргізілуде. Соның нәтижесінде Жаңа Бұқтырма мен оған жақын ауылдардың тұрғындары бұрынғыдай қоқыс мәселесінен зардап шекпейді.
Апта сайын сенбі күндері ауданымыздағы ауылдық клубтардың қызметкерлері демалушыларға арнап концерттік бағдарламалар ұсынып, балалардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне де жағдай жасайды. Бұл бағыт ауданға келетін туристер санын арттыруға және өңірдегі туризм саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жұмыстар аясында жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді», – дейді Алтай ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев.
Жаңа Бұқтырма кентін қайта жаңғырту және абаттандыру жобасы бірнеше функционалдық аймақты қамтиды.
Бірінші аймақта жаяу жүргіншілерге арналған Арбат пен орталық жағажай абаттандырылды.
Екінші аймақта – саябақ пен ескерткіш маңында қолданыстағы монумент қайта жаңартылып, ұзындығы 144 метр болатын жаяу жүргіншілер жолы мен ескерткіш алдындағы алаң ретке келтірілді.
Үшінші аймақ белсенді демалысқа (workout) арналған. Мұнда баскетбол, үстел теннисі және шағын футболға арналған үш спорт алаңы салынды. Сондай-ақ ролик, самокат және BMX велосипедтерімен сырғанауға арналған памп-трек пайдалануға берілді.
Төртінші аймақ Мәдениет үйінің жанында орналасқан. Мұнда жалпы ұзындығы 604 метр болатын жаяу жүргіншілер жолының жабыны жаңартылып, ескі, пайдаланылмай тұрған субұрқақтың орнына жаңа жарықтандырылған субұрқақ орнатылды.
Барлық жұмыстарды мердігер ұйым – «AST Qurylys 22» ЖШС жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта Абай көшесін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 60 пайызы аяқталды. Жалпы ұзындығы 3,8 шақырым жолдың 3 шақырымына асфальт төселген.
Алтай ауданы әкімінің айтуынша, туризм саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлермен де жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Олармен 17 меморандум жасалып, салық мөлшерлемесі 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендетілді. Кәсіпкерлер кентті абаттандыру жұмыстарына белсенді атсалысып келеді. Олардың бірі Жаңа Бұқтырмада демалушылардың сүйікті демалыс орнына айналған шолу дөңгелегін орнатты.
Қабылданған шаралардың нәтижесі нақты көрсеткіштерден көрінеді. Егер 2023 жылы жергілікті бюджетке туризм саласынан 63 млн теңге түссе, өткен жылы бұл көрсеткіш 450 млн теңгеге дейін өсті.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).