
Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 11 тауар нарығына талдау жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша өңірдің бірқатар ауданында бәсекелестік деңгейінің төмен екені анықталды.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз-конференциясында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Аслан Әліппаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, сараптама отын-энергетика кешені, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және агроөнеркәсіп салаларын қамтыған. Нәтижесінде кәсіпкерлікке кедергі келтіретін деректер анықталып, оларды ретке келтіру бойынша ұсыныстар әзірленді.
Қазіргі таңда дәрілік заттар, сүт және сүт өнімдері, байланыс және теміржол көлігі нарығына қосымша талдау жүргізіліп жатыр. Мамандар бұл жұмыстар өңірдегі ашық бәсекелестікті күшейтіп, бизнеске қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді деп отыр.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ