
Шығыс Қазақстан облысында өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталуда. Өрт қауіпті маусым басталғалы өңірде 29 орман өрті тіркелді.
-Табиғи өрттердің алдын алу мақсатында облыста 48 мобильді топ жұмыс істеуде. ШҚО ТЖД бөлімшелері полиция қызметкерлерімен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге бүгінге дейін 620-ға жуық профилактикалық рейд өткізді, - делінген ШҚО ТЖД мәліметінде.
Мобильді топтар аумақтарды патрульдеп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылап, құрғақ өсімдіктерді заңсыз өртеу деректерін анықтады.
Нәтижесінде 174 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Ерекше өртке қарсы режим қолданылатын кезеңде орман алқаптарына баруды шектеу ұсынылады.
– От жақпаңыздар, қоқыс пен құрғақ шөпті өртемеңіздер. Отпен жұмыс істегенде аса сақ болыңыздар. Балаларға отпен және сіріңкемен ойнаудың қауіпті екенін міндетті түрде түсіндіріңіздер. Өртті байқасаңыздар, дереу 112 нөміріне хабарласыңыздар, - делінген ШҚО ТЖД мәліметінде.