Өскеменде 136 отбасыға пәтер кілті табысталды

Өскеменде 136 отбасыға пәтер кілті табысталды

Өскемен қаласында бүгін баспана кезегінде тұрған 136 отбасы қоныс тойын тойлады. Оның ішіндегі 30 жанұяға Есенберлин даңғылында орналасқан пәтер кілттерін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов табыс етті.

 «Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанда 120-ға жуық көпқабатты үй салынуда. Жыл сайын облыста 3 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі. Әлеуметтік тұрғыда осал санаттағы отбасыларды тұрғын үймен қамту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгін баспаналы болған отбасыларды шын жүректен құттықтаймын! Қазақ «Өз үйім өлең төсегім» дейді. Яғни, әр адамға өзінің үйі бәрінен де ыстық, жайлы, жанға жақын. Шаңырақтарыңызға шаттық ұялап, қуаныштарыңыз еселене берсін!», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ Нұрымбет Сақтағанов пәтерлердің ішіне кіріп көріп, иелеріне сыйлықтар табыстады.

Жаңа үйлерінің кілттерін алған отбасылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және облыс әкіміне ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді.

Биыл облыс орталығында көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және өзге де әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 150-ден астам пәтер беру көзделген.

Жыл басынан бері 109 жанұя қоныс тойын тойлады. 

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).