
Фестивальға 2 күн қалды
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен 10–11 шілде аралығында Катонқарағай ауданында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыка фестивалі өтеді.
Оған Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Мажарстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тыва, Башқұртстан және Қарақалпақстаннан (РФ) шығармашылық ұжымдар қатысады. Үш күндік бағдарлама ұлттық өнер мен түркі халықтарының ортақ мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған. Бағдарламаға поэзия кеші, республикалық айтыс, этноауыл және халықаралық гала-концерт енгізілген.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нургалиев айтуынша, фестиваль өңірдің туристік әлеуетін халықаралық деңгейде танытып, түркі елдерінің мәдени байланысын нығайтады. Іс-шараға халықаралық сарапшылар мен мәдениет қайраткерлері де қатысады. Ұйымдастырушылар мыңдаған қонақты қабылдауға дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қауіпсіздік пен инфрақұрылым мәселелері ерекше бақылауда.
Берелде қазақ поэзиясының өкілдері Ақтан Нұрбаевты ұлықтайды.
Халықаралық фестивальдің алғашқы күні Берел ауылындағы «Патшалар жазығы» тарихи-мәдени кешенінде Ақтан Нұрбаевтың рухына арналған тағылымды іс-шара өтеді. «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» республикалық поэзия кеші көпшілік назарына ұсынылады. Жыр кешіне Қазақстанның әр өңірінен және Шығыс Қазақстан облысынан барлығы 16 ақын қатысады. Кештің жүргізушісі – Қалқаман Сарин. Шараға екі мыңға жуық көрермен келеді деп күтілуде.
Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Самат Қасеновтің айтуынша, бұл рухани іс-шара Ақтан Нұрбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге жас ұрпақтың ұлттық әдебиетке қызығушылығын арттыруды көздейді.
Фестиваль аясында «Ақтанымын Алтайдың» республикалық ақындар айтысы өтеді. Сөз сайысына Қазақстанның әр өңірінен 12 танымал айтыскер қатысады. Айтыстың бас жүлдесі - автокөлік. Жүлде қорын Ақтан Нұрбаевтың ұрпақтары тағайындаған. Айтыс ұлттық өнерді насихаттауға бағытталған.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, мұндай жобалар жастардың ұлттық құндылықтарға қызығушылығын арттырып, айтыс өнерінің дамуына жол ашады. Көрермен еліміздің үздік айтыскерлерінің өнерін ашық аспан астында тамашалай алады.
Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайберген «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінің гала-концертінде өнер көрсетеді. Әлемге танымал әнші — фестивальдің басты қонағы.
Гала-концертте Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Моңғолия, Башқұртстан, Тыва және Қарақалпақстаннан (РФ) келген танымал өнерпаздар да сахнаға шығады. Ауқымды іс-шара түркі халықтарының мәдениетін, өнері мен достығын дәріптеуге бағытталған.
ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, гала-концерт халықаралық фестивальдің шарықтау шегі болмақ. Мұндай ауқымды мәдени шаралар өңірдің халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, Алтайдың туристік әлеуетін кеңінен танытуға мүмкіндік береді.
Қазір концертке дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Ұйымдастырушылар көрерменге жоғары деңгейдегі әсерлі музыкалық кеш ұсынуды жоспарлап отыр.
Бүгінде концертке дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Ұйымдастырушылар көрерменге жоғары деңгейдегі әсерлі музыкалық кеш ұсынуды жоспарлап отыр.
Катонқарағайдағы «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне қалай жетуге болады?
Фестивалін өткізуге арналған көлік және жол инфрақұрылымын әзірлеу жұмыстары аяқталды. Қатысушылар мен қонақтардың қолайлы тасымалын ұйымдастыру мақсатында қосымша көлік қатынастары жасақталып, жол бойындағы сервистік нысандар ретке келтірілді.
ШҚО Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әсет Сұлтанов «Өскемен – Катонқарағай» автобус бағыты жүзеге асырылатынын айтты. Фестиваль кезінде жолаушылар санына қарай рейстер санын көбейту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, «Өскемен – Үлкен Нарын» автобус бағытын Катонқарағай ауылына дейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылуда.
Бұдан бөлек, көлік тасымалын ұсынатындар тізімі жасақталған. Автобусты екі бағытқа жалдау құны 350-800 мың теңге шамасында. Бұдан бөлек, Катонқарағай бағыты бойынша күн сайын шамамен 80 жеке жеңіл көлік қатынайды. Бір орынның жолақысы 8–10 мың теңге аралығында. Сондай-ақ ауданның негізгі туристік нысандарына дейін қатынайтын көлік қатынасын ұйымдастыру мәселесі де пысықталуда.
Катонқарағай бағыты бойынша бес жол учаскесінде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Барлық нысанда қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етілген. Уақытша жол белгілері орнатылған. Сонымен қатар жаңа әуежай құрылысы аясында ұзындығы 5 шақырым болатын айналма жолдың құрылысы аяқталуға жақын.
Жол бойындағы сервистік қызмет сапасына да ерекше көңіл бөлінген. Катонқарағай ауылы бағытындағы 12 сервистік нысан санитарлық талаптарға сай ретке келтірілді.
«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі жоғары жылдамдықты интернетпен және сапалы мобильді байланыспен қамтамасыз етіледі.
«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне келген қонақтар сапалы мобильді байланыс және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО Цифрландыру және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Арнұр Сапарғалиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, фестиваль кезінде байланыс пен интернеттің тұрақты жұмыс істеуі үшін ұялы байланыс операторлары мен «Қазақтелеком» АҚ дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Берел ауылында негізгі сахна мен этноауыл аумағын интернетпен қамту үшін «Starlink» спутниктік интернетінің 10 кешені орнатылады. Ал фестивальдің басты іс-шаралары өтетін Катонқарағайдағы ипподромда «Beeline», «Tele2/Altel» және «Activ/Kcell» операторларының мобильді базалық станциялары жұмыс істейді. Бұл келушілер көп жиналған кезде де байланыс сапасын сақтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ фестиваль өтетін орынға дейін талшықты-оптикалық байланыс желісін тартып, жоғары жылдамдықты интернет арнасын іске қосты. Фестиваль аумағында Wi-Fi желісі де қолжетімді болады.
Бұдан бөлек, интернеттің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін қосымша 25 Starlink кешені орнатылады. Тағы бес кешен Үлкен Нарын мен Катонқарағай арасындағы жол бойындағы жанармай құю бекеттеріне қойылады.