Өскеменде Ұлттық домбыра күні атап өтілді

Өскеменде Ұлттық домбыра күні  атап өтілді

Бүгін Өскемен қаласындағы «Амфитеатр» алаңында Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік концерт өтті. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Домбыра – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымын, өмірлік философиясын, ерлік шежіресін және ұлт рухын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп келе жатқан теңдессіз рухани мұра. Оның қоңыр үні туған жерге деген сүйіспеншілікті, елге деген адалдықты, бірлік пен татулықты дәріптейді. Сондықтан да оны қастерлеу – өткенге тағзым ғана емес, келер ұрпақ алдындағы қасиетті жауапкершілік», - деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, Шығыс Қазақстанда ұлттық мұраны дәріптеу, жас ұрпақтың бойына өнерге, туған жерге және ұлттық құндылықтарға деген құрметті сіңіру бағытындағы игі бастамалар жалғасын таба береді.

«Домбыраның қасиетті үні әр шаңырақта күмбірлеп, халқымыздың бірлігі мен берекесін, ұлттық рухын асқақтата берсін! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, амандық және еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы игі істеріңізге толағай табыс тілеймін», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Концерттік бағдарламада қазақтың дәстүрлі күй өнері мен халық әндері орындалып, музыкалық мұрасының үздік туындылары ұсынылды.

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).