ШҚО әкімдігі авиациясы Күршім ауданындағы табиғи өртті сөндіруге күштерді жеткізуді қамтамасыз етті

ШҚО әкімдігі авиациясы Күршім ауданындағы табиғи өртті сөндіруге күштерді жеткізуді қамтамасыз етті

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы Абай ауылдық округінің аумағында шыққан табиғи өрттің салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Барлық жұмылдырылған қызметтердің үйлесімді іс-қимылының арқасында тілсіз жаудың таралуы оқшауланып, елді мекендерге төнген қауіптің беті қайтарылды.

Өртті сөндіру операциясында ШҚО әкімдігі авиациясы маңызды рөл атқарды. Таулы-орманды, жетуі қиын аумақта жерүсті техникасы өрт ошақтарына жедел жете алмағандықтан, облыстық авиацияның әуе кемесі Төтенше жағдайлар министрлігінің тікұшақтарымен бірлесіп, күштер мен қажетті құралдарды тікелей өрт болған жерге жеткізуді қамтамасыз етті.

Әуе кемесінің командирі Алексей Самарцев пен екінші ұшқыш Максим Сизов өрттің ең күрделі ошақтарына орманның әуе-десант қызметі мамандарын жеткізу үшін бірнеше рейс орындады. Жалпы, өртті сөндіруге орманның әуе-десант қызметінің онға жуық маманы тартылып, олар тілсіз жаумен тікелей күрес жүргізді.

Су төгу құрылғысымен жабдықталған Ми-8 тікұшағы өртті әуеден сөндірді. Соның нәтижесінде өрт жедел оқшауланып, оның одан әрі таралуына жол берілмеді.

Бұл операция күрделі жер бедері мен өрт ошақтарының шалғайда орналасуы жағдайында авиацияның табиғи өрттерге қарсы әрекет ету жүйесіндегі негізгі тетіктердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).