ШҚО-да құрылыс барысын арнайы құрылған МСҚББ бөлімі бақылайтын болады

ШҚО-да құрылыс барысын арнайы құрылған МСҚББ бөлімі бақылайтын болады

2026 жылғы 1 шілдеден бастап құрылыс саласын мемлекеттік реттеу жүйесін жетілдіруге және саланың одан әрі дамуына бағытталған бірқатар жаңашылдықты көздейтін «Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі» күшіне енді.

Құрылыс кодексіндегі негізгі жаңашылдықтардың бірі – пайдалануға берілетін нысандарды қабылдау рәсіміне мемлекеттік құрылыс инспекторларының міндетті түрде қатысуы және нысанның орналасқан жеріне барып тексеру жүргізуі.

Шығыс Қазақстан облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының (МСҚББ) мәліметінше, Кодекс талаптарының уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету, жұмыс процестерін оңтайландыру мақсатында құрылыс барысы туралы хабарламалар мен есептерді қабылдау бөлімі құрылды.

«Жаңа бөлімге құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарламаларды қабылдау, техникалық қадағалау тарапынан ұсынылатын құрылыс нысанының жай-күйі (барысы) туралы есептерді қабылдау міндеті жүктелген. Сонымен қатар бөлім мамандары тапсырыс берушінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары мен нормаларын сақтауын тексеру мақсатында пайдалануға беру актілеріне салыстыру жұмыстарын жүргізеді.

Бұдан бөлек, бөлімнің құзыретіне бюджет және бюджеттен тыс қаражат есебінен қаржыландырылатын құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша жұмыс тәжірибесін растайтын мәліметтер мен құжаттарды электрондық депозитарийге енгізу жөніндегі әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін қарау кіреді.

Сондай-ақ бөлім қызметкерлері пайдалануға беру кезінде құрылыс нысандарына барып, қабылдау рәсіміне қатысатын болады», – деді ШҚО МСҚБ басқармасында.

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).