
«Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ (ҚазжолҒЗИ) республикалық маңызы бар қалалардың көше-жол желісі объектілерін күтіп ұстау, пайдалану және жөндеу жөніндегі бірыңғай талаптарды белгілейтін ведомстволық норматив әзірледі.
Құжатта жолдарды жөндеуаралық пайдалану мерзімдері, кепілдік мерзімдері және қалалық жол инфрақұрылымын күтіп ұстау тәртібі айқындалған. Оны қолданысқа енгізу жолдардың сапасын арттыруға, олардың қызмет ету мерзімін ұзартуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осы уақытқа дейін қалалардың көше-жол желісіне қатысты жөндеуаралық мерзімдер мен кепілдік міндеттемелерін айқындайтын бірыңғай талаптар болмаған. Бұл көрсеткіштер әрбір шарт шеңберінде жеке белгіленіп, нысандарды қабылдау, оларды кейінгі пайдалану және анықталған ақауларды жою кезінде құқықтық әрі ұйымдастырушылық белгісіздіктерді туындататын.
Жаңа ведомстволық норматив алғаш рет республикалық маңызы бар қалалардың көше-жол желісі объектілерін күтіп ұстау, пайдалану және жөндеу бойынша бірыңғай тәсілді бекітеді. Құжатта жол төсемінің жөндеуаралық қызмет ету мерзімдеріне, кепілдік кезеңдеріне, жол қозғалысын ұйымдастырудың техникалық құралдарына қойылатын міндетті талаптар белгіленіп, сондай-ақ қалалық жол инфрақұрылымын күтіп ұстау тәртібі регламенттелген.
Норматив көше-жол желісінің барлық негізгі элементтеріне қолданылады. Атап айтқанда, жол жабындары, көпір құрылыстары, жол белгілері, тосқауыл және жаяу жүргіншілер қоршаулары, сыртқы жарықтандыру тіректері, жол таңбалары, жол жиектері және көшелерді жайластырудың басқа да элементтері қамтылған.
Құжаттағы маңызды жаңашылдықтардың бірі көшелерді салу, реконструкциялау, күрделі және орташа жөндеу кезінде жол жабынының қорғаныш тозу қабатын міндетті түрде төсеу талабы. Бұл қабат жол құрылымын ылғалдың және көлік жүктемесінің әсерінен қорғайды, жабынның мерзімінен бұрын бұзылу қаупін төмендетіп, оның қызмет ету мерзімін ұзартады.
Қысқы кезеңде жолдың тайғақтығын болдырмау және жою мақсатында СТ РК 4036 талаптарына сәйкес келетін көктайғаққа қарсы материалдарды пайдалану көзделген. Бұл ретте көктайғаққа қарсы материал ретінде натрий хлоридін (ас тұзын) қолдануға жол берілмейді.
Құжатта кепілдік мерзімі ішінде орындалған жұмыстардың сапасын бақылауға ерекше назар аударылған. Осы мақсатта жол объектілеріне жоспарлы тексерулер жүргізу қарастырылған. Бұл ақауларды уақтылы анықтауға, олардың пайда болу себептерін белгілеуге және мердігер ұйымдардың кепілдік міндеттемелері шеңберінде оларды жоюын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жаңа ведомстволық нормативтің енгізілуі Қазақстандағы қалалық жол инфрақұрылымын басқару жүйесін жетілдірудегі маңызды қадам болмақ. Бірыңғай талаптар көшелерді пайдалану мен жөндеуге қойылатын тәсілдерді біріздендіріп, орындалатын жұмыстардың сапасын арттыруға, жол нысандарының қызмет ету мерзімін ұзартуға және жол қозғалысы қауіпсіздігінің деңгейін көтеруге ықпал етеді.
Дереккөз: «ҚазжолҒЗИ» АҚ