Өскеменде «FREE LIFE FEST» жастар фестивалі өтті

Өскеменде «FREE LIFE FEST» жастар фестивалі өтті

Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Өскемен қаласындағы «MAXI MALL» сауда-ойын-сауық орталығында ШҚО Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, «Жастар орталығы» КММ, ШҚО ПД жанындағы Есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлесуімен ауқымды «FREE LIFE FEST» жастар фестивалі өтті.

Шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, нашақорлықтың алдын алу және есірткі қолдануға деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру.

– Нашақорлықпен күрес – мемлекет, қоғам және әрбір азаматтың ортақ міндеті. Бүгінде спортты, өзін-өзі дамытуды және салауатты өмір салтын таңдайтын жастардың саны артып келеді. Біздің басты мақсатымыз – жастарға есірткісіз өмірдің жарқын, мазмұнды әрі табысты бола алатынын көрсету, – дедi ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Динат Мусин.

Фестиваль белсенді әрі өмірге бейжай қарамайтын ондаған жастың басын қосты.

– Қатысушылар үшін қол күресі, гір көтеру және арқан тарту жарыстары ұйымдастырылып, интерактивті және профилактикалық алаңдар жұмыс істеді. Ал шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздардың өнер көрсетуі мерекелік көңіл-күй сыйлады, - деп хабарлады ШҚО ПД.

Шараның ерекше сәттерінің бірі – жеңімпаздар мен ең белсенді қатысушыларды бағалы сыйлықтармен марапаттау рәсімі болды. Жүлдегерлерге туристік шатыр, турник, бокс қолғабы және өзге де спорттық құрал-жабдықтар табысталды.

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).