ШҚО-да денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

ШҚО-да денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Израильдегі MVI Medical Center медициналық-білім беру орталығының президенті әрі бас директоры Наталья Хедватпен кездесті.

Кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, медицина қызметкерлерін даярлау және олардың біліктілігін арттыру, медицинадағы цифрлық шешімдерді енгізу мәселелері қаралды.

MVI Medical Center 16 жылдан астам уақыт бойы дәрігерлердің Израиль мен Еуропаның жетекші клиникалары мен ғылыми-зерттеу орталықтарында тағылымдамадан өтуін ұйымдастырып келеді. Сонымен қатар орталық біліктілікті арттыру бағдарламалары мен шеберлік сабақтарын жүзеге асырады. Жыл сайын Шығыс Қазақстан облысының медицина мамандары шетелде өз білімдерін жетілдіреді. Мәселен, жуырда ғана Германияда тағылымдамадан өткен дәрігерлер елге оралды.

Кездесу барысында Наталья Хедват медицина қызметкерлерін төтенше жағдайларда әрекет етуге даярлау, медициналық туризмді дамыту және медициналық көмекті ұйымдастырудағы озық халықаралық тәжірибемен алмасу мәселелеріне ерекше тоқталды.

Нұрымбет Сақтағанов облыстық денсаулық сақтау басқармасына салынып жатқан Гематология орталығы, 300 орындық көпбейінді облыстық аурухана және облыстық онкологиялық орталық үшін мамандарды халықаралық білім беру бағдарламалары мен шетелдік сарапшылардың қатысуымен даярлау жөнінде ұсыныстар әзірлеу міндетін қойды.

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).