ШҚО-да автожолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда

ШҚО-да автожолдарды жөндеу жұмыстары жалғасуда

Жұмыс сапары барысында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі негізгі автожолдарда жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

Қазіргі уақытта Риддер – Өскемен жолында күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жөнделіп жатқан учаскенің жалпы ұзындығы – 75 шақырым. Бүгінгі күнге дейін оның 64 шақырымында жұмыстар аяқталған. Жолды толықтай асфальттау күз басталғанға дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ облыс әкімі республикалық маңызы бар Өскемен – Шемонаиха автожолындағы орташа жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Мұнда ұзындығы 27 шақырым болатын учаскеде жөндеу жүргізілуде. Нысанда 60 арнайы техника жұмылдырылған. Қазіргі таңда жолдың 14 шақырымы жөнделіп бітті.

«Жолдарды жаңарту – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Сапалы әрі қауіпсіз жолдар тұрғындардың өмір сүру жайлылығына, елді мекендердің көлік қолжетімділігіне және облыс экономикасының дамуына тікелей әсер етеді», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).