
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Риддер және Шемонаиха қалаларындағы ауқымды жаңғыртудан өткен теміржол вокзалдарының салтанатты ашылуына қатысты.
Риддердегі 80 жылдан астам тарихы бар вокзал ғимараты заманауи талаптарға сай жаңартылды. Ішкі бөлмелері мен инженерлік желілері толық жаңғыртылып, жолаушыларға жайлы жағдай жасалды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қатынауына қажетті барлық жағдай қарастырылған.
«Көлік инфрақұрылымын жаңғырту – ең алдымен халықтың өмір сүру сапасына салынған инвестиция. Мемлекет басшысы теміржол саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Заманауи вокзалдар ыңғайлы, қауіпсіз әрі бүгінгі күннің талаптарына толық сай болуы тиіс», – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Риддер теміржол вокзалы арқылы күн сайын ондаған жолаушы қатынайды. Бұл жерден Өскеменге пойыз аптасына төрт рет, ал Ресейдің Новосібір және Томск қалаларына аптасына бір рет қатынайды.
Өңір қонақтары Шығыс Қазақстанның ең көрікті қалаларының бірі саналатын Риддермен осы вокзал арқылы танысады.
Сондай-ақ жаңғыртудан кейін Шемонаиха қаласының теміржол вокзалы да жолаушыларға есігін айқара ашты. Оның да салтанатты ашылуына облыс әкімі қатысты. Мұнда күту залдары, инженерлік жүйелер, ғимараттың қасбеті және вокзал маңындағы аумақ толық жаңартылды.
Ауқымды қайта жаңғырту жұмыстары Өскемен, Алтай және Күмістау қалаларындағы теміржол вокзалдарын да қамтыды.
Өскемендегі қайта жаңғырту нәтижесінде вокзалдың жалпы аумағы 2,5 еседен астам ұлғайып, облыс орталығының басты көлік торабының өткізу қабілеті айтарлықтай артты. Алтай қаласындағы вокзал да тұрғындар мен туристерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мақсатында күрделі жаңғыртудан өтті. Ал Күмістауда вокзал ғимараты мен оған іргелес инфрақұрылымды кешенді жөндеу жоспарланып отыр.
Вокзалдарды жаңғырту аясында кедергісіз орта қалыптастыру, жайлы күту залдарын жабдықтау, жолаушылар логистикасын жетілдіру, заманауи ақпараттық жүйелер орнату, жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету және қосымша сервистерді енгізу көзделген. Сонымен қатар вокзал маңындағы аумақтар абаттандырылып, автокөліктерге қолайлы кіреберіс жолдар жасалуда.
Жалпы, Қазақстанда теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында 125 вокзалда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 37 нысан бұған дейін апатты жағдайда болған. Барлық жоба міндетті мемлекеттік сараптамадан өтеді, ал орындалған жұмыстардың сапасы E-Qurylys цифрлық жүйесі арқылы бақыланады.
Шемонаиха ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі республикалық маңызы бар «Өскемен – Шемонаиха (Ресей Федерациясының шекарасы)» автомобиль жолында жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).