
Шығыс Қазақстан облысында 19-23 маусым аралығында өткен «Автобус» жедел алдын алу шарасы қорытындыланды.
- Шараға 390-нан астам полиция қызметкері жұмылдырылды. Олар көліктік бақылау инспекциясының мамандарымен бірге қоғамдық көліктерді тексеріп, автобустардың техникалық жай-күйіне, қауіпсіздік талаптарының сақталуына және жолаушылар тасымалының заңдылығына ерекше назар аударды. Жолаушылар мен жүк тасымалдайтын 500-ден астам автобус пен басқа да көлік құралдары тексерілді. Сонымен қатар 16 автобус паркі мен есепте тұрған 400-ден астам жүргізуші тексеруден өтті, - деді ШҚО Полиция департаментінде.
Нәтижесінде жол жүрісі қағидалары мен жолаушылар тасымалы саласындағы заңнама талаптарын бұзудың 280-нен астам дерегі анықталды. Бұдан бөлек, 5 жүргізушіден көлік құралын басқаруға кедергі келтіретін медициналық қарсы көрсетілімдер анықталды.
Жіберілген заң бұзушылықтар үшін 6 көлік құралы арнайы тұраққа қойылып, 16 мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі алынды. Оның ішінде автобус жүргізушілерінен 4 нөмірлік белгі тәркіленді.