ШҚО-да 23 шомылу және демалыс орны жабдықталды

ШҚО-да 23 шомылу және демалыс орны жабдықталды

Шығыс Қазақстанда шомылуға арналған 23 ресми орын жабдықталған. Оның үшеуі Өскеменде, қалғандары облыстың қала-аудандарында орналасқан.

– Шомылу маусымы басталар алдында комиссиялар демалыс орындарының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін тексерді. Бүгінде жағажайлар маңындағы су айдындарының түбін тексеру үшін сүңгуірлік жұмыстар жүргізуге 18 өтінім келіп түсті. Оның 10-ы жаппай демалуға арналған 23 ресми орынның дайындығын тексеруге қатысты, – деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінде.

ШҚО ТЖД мәліметінше, облыс су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ТЖД-ның бес құтқару бөлімшесі жұмыс істеуде. Рейдтік іс-шараларға полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, еріктілер мен әскери қызметшілер тартылған.

Бұдан бөлек, Самар ауданындағы Новостройка ауылында мобильді бекет қойылып, суға түсуге тыйым салынған жерлерге 170 ескерту белгісі орнатылды. Сондай-ақ Өскемен қаласында, Алтай және Ұлан аудандарында 38 қоғамдық құтқарушы даярланды.

Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысының су айдындарында шомылу маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған 1900-ден астам рейдтік іс-шара өтті.