ШҚО-да 1500 жас «Жасыл ел» еңбек жасақтарына жұмысқа тартылмақ

ШҚО-да 1500 жас «Жасыл ел» еңбек жасақтарына жұмысқа тартылмақ

Шығыс Қазақстан облысында «Жасыл ел» жобасының жаңа маусымы басталды. Жоба экологияны жақсартуға, жас ұрпақтың бойында еңбекқорлық пен табиғатқа жанашырлық қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған.

Жоба аясында, өңірдегі маусымдық жұмыстарға 1500 қатысушыны тарту жоспарланып отыр.

– Жоба өңірде бірнеше жылдан бері табысты жүзеге асып келеді. Облыстың барлық аудандық және қалалық жастар ресурстық орталықтарымен тығыз байланыс орнатылған. Биыл облыс бойынша 1500 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы барлық ниет білдірушілер қатыса алады. Маусым барысында қатысушылар елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және аумақтарды тазалау жұмыстарымен белсенді айналысады, – дейді ШҚО Жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Темірлан Базылханов.

Оның айтуынша, барлық қатысушыларға жалақы төленеді. Еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолайлы жағдай жасау мақсатында жұмысшылар арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етіледі. Қазір жастарды аяқ киіммен, шалбармен және арнайы сыртқы киіммен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айта кету керек, жоба аясында өңірдің 11 ауданы және 2 қаласымен ынтымақтастық орнатылған. Барлық өңірлерде ақпараттық-ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп, қатысушыларды тарту бойынша нақты жоспарлар бекітілген.