
Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында металлургия және ауыл шаруашылығы салаларында бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Дархан Жөргекбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, жобалар жаңа жұмыс орындарын ашып, ауданның экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік береді.
– Ірі жобалардың бірі – жылына 25 миллион тонна кен өндіру және өңдеу қуаты бар мыс өндіру және байыту комбинатының құрылысы. Өндірістік және инфрақұрылымдық бағыттағы бұл жобаны «Бенто Технологии KZ» ЖШС жүзеге асырады. Жоба аясында 40 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 30 мың тоннаға дейін өнім өндіру жоспарланған. Сонымен қатар, Тәуке ауылында «Ивега» ЖШС асфальт-бетон зауытын іске қосуды көздеп отыр, – дейді Дархан Жөргекбаев.
Сондай-ақ, «East Smelting» ЖШС 216 миллиард теңге инвестиция көлемімен молибден-мыс кен байыту комбинатын салуды жоспарлап отыр. Жобаны аяқтау мерзімі шамамен 2030–2032 жылдарға белгіленген.
Ауданда агроөнеркәсіп кешенінде су үнемдеу технологиялары белсенді енгізілуде. Бірқатар кәсіпорындар суармалы жер көлемін ұлғайтып, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін қолдануда. Бұл жобалар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.
Балық шаруашылығы саласында «CRYSTAL LAKE» ЖШС балық өнімдерін өңдейтін зауыт салу жобасын қолға алған. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 6 мың тонна өнімді құрайды.
– Ауданда ет бағытындағы мал шаруашылығы жақсы дамыған. Қазіргі таңда ірі қара мал саны 124 мың бастан асады. Мыңнан бес мың басқа дейінгі ірі бордақылау алаңдарын салу жобалары қарастырылуда. Ақжар және Жаңаауыл ауылдық округтерінде әрқайсысының қуаты 5 мың басқа дейін жететін заманауи бордақылау кешендерін салу жоспарланған, – деп қосты аудан әкімі.
Биыл ауданда жалпы аумағы 3 мың шаршы метрден асатын 44 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде, пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 2025 жылмен салыстырғанда екі еседен астам артады.
– Бұдан бөлек, құрылыс саласында тағы екі жобаны жүзеге асыру көзделген. Ақжар ауылындағы әкімшілік ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ, ауылда орталықтандырылған қазандық желілерінің құрылысы басталды. Жобаны іске асыру үшін биыл республикалық бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінді, – деді Дархан Жөргекбаев.
Сонымен қатар, облыстық бюджет есебінен Қ. Билялов атындағы мектеп-лицей ғимараты мен Құйған орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Аудандағы бірқатар көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, Жаңаауыл ауылындағы Ислямов, Кенжебаев және Бұланбаев көшелері, Құйған ауылындағы Тарбағатай, Өзтүрік және Ы. Алтынсарин көшелері, Қарасу ауылындағы Ж. Сүлейменов пен А. Атабаев көшелері, Байтоғас ауылындағы Абай көшесінің бір бөлігі және Қабанбай – Шорға автожолының учаскесі жөнделмек.
Әлеуметтік саланың маңызды бағыттарының бірі – денсаулық сақтау. Аудан әкімі биыл Тарбағатай аудандық ауруханасының емхана бөлімшесіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталатынын айтты. Сонымен қатар, С-доға типті рентген аппараты мен гемодиализ құрылғысын сатып алуға қаражат бөлінген. Ауруханада арнайы кабинет дайындалып, қажетті лицензия алынған. Бұл жабдықтарда жұмыс істеу үшін екі медицина қызметкерін оқыту жоспарлануда.
Бұған дейін аудан тұрғындары гемодиализ процедурасынан өту үшін Зайсан қаласына баруға мәжбүр болатын. Енді науқастар қажетті емді өз ауданында ала алады.
Сондай-ақ, Тұғыл дәрігерлік амбулаториясына флюорографиялық аппарат пен ФАПК жүйесі орнатылды. Енді ауыл тұрғындары тексеруден өту үшін аудан орталығына бармай-ақ қызмет ала алады. Сонымен қатар, физиотерапиялық аппарат сатып алынып, физиотерапия кабинеті жұмысы жандандырылды. Тағы бір маңызды жаңалық – Тұғыл ауылдық округінде стоматологиялық кабинеттің ашылуы.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ