Самар ауданындағы Бұқтырма жағалауында серуендеуге арналған Арбат салынады

Самар ауданындағы Бұқтырма жағалауында серуендеуге арналған Арбат салынады

Самар ауданындағы Бұқтырма су қоймасының жағалауында Алакөлдегідей серуендеу аймағы – Арбат ашылады.

Бұл туралы бүгін ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімінің орынбасары Мұрат Байжұменов мәлімдеді.

— Бұл — ауқымды жоба. Қазір Алакөлдегі Арбатқа ұқсас серуендеу аймағының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Ол Сарыбел ауылында орналасып, елдімекен мен жағажайдың арасын бөліп тұрады. Бұл жұмыс бизнес тарту және аумақтағы ретсіз құрылыстың алдын алу мақсатында қолға алынуда. Біз туристік аймаққа сай келетін біртұтас сәулеттік келбет қалыптастырғымыз келеді. Сондай-ақ Сарыбелден Күршім көпіріне дейінгі бүкіл жағалауды абаттандыруды жоспарлап отырмыз, — дейді Мұрат Байжүменов.

Оның айтуынша, бұл жоба өткен жылы әзірлене бастаған Сарыбел және Самар ауылдарының бас жоспарының бір бөлігі болады. Жоба аясында коммерциялық нысандар салуға арналған 300 жер телімі қарастырылған.

Сонымен қатар Самар ауданында ресми түрде рұқсат етілген шомылу аймағын абаттандыру жоспарлануда.

Шомылу және демалыс аумағын кәсіпкерге сенімгерлік басқаруға беру арқылы абаттандыру көзделіп отыр.

– Қазір ауданымызда ресми түрде рұқсат етілген екі жағажай бар. Әкімдік кәсіпкермен меморандум жасасты. Біз жағажайды оған сенімгерлік басқаруға береміз. Ал кәсіпкер өз кезегінде дәретханалар, киім ауыстыратын кабиналар мен жатын орындықтар орнатуға міндетті. Сондай-ақ ол жерде коммерциялық қызмет жүргізіледі. Осылайша жағажайды абаттандырмақпыз, – деп түсіндірді Мұрат Байжұменов.

Айта кету керек, туризм — Самар ауданын дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Қазір ауданда 71 демалыс орны жұмыс істейді. Жазғы туристік маусымға дайындық аясында туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Туризм — ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бағыттарының бірі. Жоспарда демалыс базалары мен коммерциялық нысандар салу көзделген. Инвестиция тарту мақсатында бұл саланы дамыту тұжырымдамасы әзірленіп, туризм және инвестициялар орталығы туристік базалардың, демалыс үйлерінің және туристік инфрақұрылым нысандарының орналасу сызбаларын қамтитын ақпараттық-картографиялық өнімдер дайындауда.

– Туристік қызмет сапасын арттыру үшін Миролюбовка ауылында санитарлық-гигиеналық торап салу жоспарланған. Нысан демалыс аймағына апаратын автожол бойында орналасады. Сонымен қатар Кар-Тел АҚ-мен бірлесіп жағалау сызығы бойында сапалы мобильді байланысты қамтамасыз ету үшін антенналық-мачталық құрылыс орнатылды, – дейді аудан әкімдігінің өкілдері.

Дереккөз: ШҚО ӨКҚ

Сурет: visiteast.kz,  ШҚО ӨКҚ