ШҚО-да қала сыртындағы жазғы лагерьлерде 10 мыңнан астам оқушы демалады

ШҚО-да қала сыртындағы жазғы лагерьлерде 10 мыңнан астам оқушы демалады

ШҚО-да маусымның ашылуы қарсаңында балалардың жазғы лагерьлерін тексеру жұмыстары аяқталуда. Өңірде 12 лагерь бар. Онда демалатын оқушылардың жалпы саны 10 652 баланы құрайды. Сонымен қатар 1 300 оқушыны қамтитын 276 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейді. Бұл туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім болды.

Бұдан бөлек, ТЖД ақпаратына сәйкес, өңірде балалар сауықтыру лагерлерін қабылдау жөніндегі  комиссия құрылған. Оның жұмыс кестесі бекітіліп, құрамына ШҚО қалалары мен аудандарының ТЖ басқармалары мен бөлімдерінің басшылары енген.

– Комиссия бүгінге дейін тоғыз лагерьді тексеріп шықты.  Жоспарда тағы үш лагерьді қарау бар. Нысандарды өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестендіру бойынша ұсыныстар берілді, – деп хабарлайды ШҚО ТЖД өкілдері.

Дайындық жұмыстары аясында ТЖД мамандары өрт қауіпсіздігі мен балалардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету тақырыбында семинар өткізді. Оқушылар үшін осы бағытта екі интерактивті сабақ ұйымдастырылған. Сондай-ақ,7  балалар сауықтыру мекемесінде қызметкерлерге арналған өрт кезіндегі іс-қимыл бойынша жаттығулар өткізілді.

ШҚО Білім басқармасының айтуынша, биылғы маусымда өңір оқушыларының 99% астамын сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамту шараларымен қамту жоспарланған. Оның ішінде, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар 100% қамтылады. Қауіпсіз демалысты қамтамасыз ету мақсатында, барлық қала сыртындағы сауықтыру орталықтарында жөндеу және дайындық жұмыстары жүргізіліп, санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу шаралары қолға алынған.

– Қазір төрт балалар сауықтыру-білім беру орталығы жұмысын бастауға санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алды. Тағы бес орталық рұқсат алу үшін өтініш тапсырды. Үш орталықта дайындық жұмыстары жалғасуда. Жазғы маусым алдында жағажайы бар төрт балалар сауықтыру орталығында ТЖД мамандары шомылу орындарын белгілеп, су айдындарын тексеру және тазарту үшін сүңгуірлік жұмыстар жүргізді, – деп хабарлайды ШҚО Білім басқармасы.

Өңірлік ТЖД өкілдері балалар орталықтарында құтқару жабдықтарының, судағы қауіпсіздік шаралары туралы ақпараттық стендтердің бар-жоғын да тексеріп жатқанын айта өтті.

Балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуде. Барлық орталықтардың аумағы қоршалған, тәулік бойы күзет ұйымдастырылған, бейнебақылау камералары орнатылған. Тәрбиешілер мен тәлімгерлер балалармен бірге бір ғимаратта тұрады. Балалар орталық аумағында қызметкерлердің сүйемелдеуімен қозғалады. Сонымен қатар, тәулік бойы медициналық қызмет көрсетіледі.

– Сауықтыру орталықтары өрт туралы хабарлау және өрт сөндіру жүйелерімен жабдықталған. Барлық қызметкерлер өрт қауіпсіздігі шаралары бойынша тұрақты түрде қайта даярлықтан өтеді. Балалармен ойын форматындағы жаттығуларда эвакуация бағыттары мен өрт кезіндегі әрекеттер пысықталады, – деп атап өтті облыстық ТЖД.

Сонымен қатар, маусым барысында өңірде жазғы балалар сауықтыру орталықтарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша мониторингтік топтар жұмыс істейді.

Өңір құтқарушылары жазғы маусым басталар алдында балалар лагерлерінде көптеген тексеру жұмыстарын жүргізуде. ШҚО ТЖД мәліметінше, тексеріс барысында ең жиі анықталатын заңбұзушылық – эвакуациялық жолдардың бөгелуі.

– Лагерьлер ашылар алдында біздің қызметкерлер өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексереді, – деп хабарлады ШҚО ТЖД өкілдері.

Дереккөз: ШҚО ӨКҚ