Риддердің 240 жылдығы кең көлемде атап өтілді

Риддердің 240 жылдығы кең көлемде атап өтілді

Шығыс Қазақстан облысында Риддер қаласының 240 жылдығы аясында екі күн бойы мәдени, ғылыми және спорттық шаралар ұйымдастырылды. Оған аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов барды.

Мерейтой 5 маусымда Мәдениет сарайындағы «Риддер тарихи аспектілер тұрғысынан» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциядан басталды. Соның барысында қатысушылар қаланың қалыптасу тарихын, оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін және тарихи мұрасын талқылады.

Сондай-ақ «Риддер – кенді Алтайдың кереметі» атты облыстық ақындар айтысы өтіп, аймақтың танымал айтыскерлері сөз сайысына түсті. Мерейтойдың негізгі шаралары екінші күні өтті. 94-квартал ауданындағы ипподромда Риддер қаласының ІІ Ұлттық «Ата-Мұра» ойындары ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында көкпар, топ бәйге, аударыспақ, қазақша күрес, арқан тарту, садақ ату және «Толағай» сайыстары өткізілді. Сонымен қатар тазы иттері арасындағы «Шырға тарту» жарысы болып, концерттік бағдарлама ұсынылды.

Қонақтар үшін әуе шарымен көкке көтеріліп, қаланы биіктен тамашалау мүмкіндігі жасалды. Мереке аумағында сауда-саттық қызып, түрлі сыйлықтар ойнатылды.

Кешке қарай Республика алаңында ауқымды мерекелік концерт басталды. Сахнаға шыққан Нұрымбет Сақтағанов риддерліктерді мерейтойларымен құттықтады.

«Тарихы терең Риддер – еліміздің индустриялық дамуына зор үлес қосып, еңбек пен ерліктің, бірлік пен жасампаздықтың үлгісін көрсетіп келеді. Қала жыл өткен сайын жаңарып, әлеуметтік нысандар салынып, инфрақұрылымы дамып, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсаруда. Білім саласында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қазақ тілінде оқытатын «Шаңырақ» мектебінің құрылысы аяқталуға жақын, №11 және №12 мектептердің жаңа ғимараттары пайдалануға берілді. Елеулі оқиғалардың бірі – 200 төсек-орындық заманауи көпсалалы аурухана кешені мен бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емхананың құрылысы болды. Қаламыздың абыройы артып, мәртебесі биіктеп, өңіріміз қарқынды дами берсін!», - деді облыс әкімі.

Содан соң сахнада BAYANSULU, Анар Батырхан және KILIMANJARO SHOW тобы және басқа да шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Мерейтой отшашумен қорытындыланбақ. Бұл шаралар қала тұрғындары мен қонақтарын бір серпілтіп, Риддердің бай тарихы мен мәдени мұрасын дәріптей түсті.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).