Риддерде 600 орындық заманауи мектеп салынып жатыр

Риддерде 600 орындық заманауи мектеп салынып жатыр

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Риддер қаласына жасаған жұмыс сапары барысында 600 оқушыға арналған мемлекеттік тілде білім беретін мектептің құрылыс қарқынын бақылады.

Білім ордасы қаланың 5-шағын ауданында бой көтеріп жатыр. Құрылысты «ЭЛХОН» ЖШС жүргізуде.

Жалпы ауданы 10 мың шаршы метрден асатын мектеп заманауи талаптарға сай жабдықталады. Үш блоктан тұратын ғимаратта 5-11 сынып оқушыларына арналған кабинеттер, шеберханалар, кітапхана, ресурстық орталық, әкімшілік бөлмелер және бастауыш сыныптарға арналған жеке оқу аймағы болады.

Оқушылардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөлінген. Мектепте үлкен және шағын спорт залдары, 135 орындық акт залы, асхана, медициналық блок, психолог пен логопед кабинеттері қарастырылған.

Мектеп аумағында футбол, волейбол, баскетбол алаңдары, 250 метрлік жүгіру жолы, түрлі жас санаттарына арналған ойын және демалыс аймақтары салынады.

«10 тамызға дейін мектеп дайын болуы тиіс. Бірақ ең бастысы, асығыстық танытып сапаға мән берілмей қалмасын. Мектеп айналасындағы аяқталмаған құрылыс алаңдарын балалардан оқшаулау керек. Балалар жаз кезінде ойнап жүріп кіріп кетуі мүмкін. Қауіпсіздік өте маңызды. Сондай-ақ нысан айналасындағы құрылыс қалдықтарын тазалаңыздар», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Жаңа мектептің іске қосылуы Риддердегі білім беру инфрақұрылымын дамытуға серпін беріп, оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы оқу ортасын қалыптастырады.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).