ШҚО әкімі Риддер жылу орталығындағы жөндеу жұмыстарымен танысты

ШҚО әкімі Риддер жылу орталығындағы жөндеу жұмыстарымен танысты

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Риддер қаласына келді. Аймақ басшысы әуелі жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарының барысын бақылады.

Соңғы үш жылда ЖЭО-да ауқымды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде негізгі жабдықтардың тозу деңгейі 75,4 пайыздан 45,7 пайызға дейін төмендеді.

Бүгінде 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Республикалық және облыстық бюджеттер есебінен №5 және №6 жоғары қысымды қазандық агрегаттары күрделі жөндеуден өтуде.

Бекітілген кестеге сәйкес №5 қазандық 31 тамызға дейін, №6 қазандық 30 қыркүйекке дейін жөнделеді. Сонымен қатар қаладағы жылу желілерін жаңғырту жұмыстары да қолға алынған.

Одан соң облыс әкімі қайта жаңғыртылып жатқан Тәуелсіздік даңғылына барды. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы әрі заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастыруға бағытталған жоба осы жылдың қыркүйек айында толық аяқталады деп жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта жұмыстардың 75 пайызы орындалған. Жоба аясында жаңа жаяу жүргіншілер жолдары мен алаңдар төселуде. Сонымен қатар жарықтандыру жүйесі жаңғыртылып, инженерлік инфрақұрылымды жақсарту үшін электр кабельдері тартылып, демалыс орындарына орындықтар қойылуда. Сол жерде бүгінде 24 жұмысшы еңбек етіп, бес арнайы техника жұмылдырылған.

Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде барлық жұмысты сапалы әрі уақтылы аяқтау қажеттігін жеткізіп, даңғыл бойындағы нысандардың қасбетін де ретке келтіру міндетін қойды.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).