Шығыс Қазақстанның белгілі журналисі Анатолий Акава өмірден өтті

Шығыс Қазақстанның белгілі журналисі Анатолий Акава өмірден өтті

Өңірге есімі кеңінен танымал журналистика саласының ардагері Анатолий Акава қайтыс болды.

Анатолий Иванович ұзақ жылдар бойы тілші, өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі және облыстық «Рудный Алтай» газетінің редакторы,«Казахстанская правда» республикалық газетінің ШҚО бойынша меншікті тілшісі болып қызмет атқарып, өңір тынысын кеңінен насихаттады.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Instagram-дағы жеке парақшасында көңіл айтты:

«Анатолий Иванович Акаваның өмірден озғаны туралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым… Шығыс Қазақстан үшін бұл – орны толмас қаза. Анатолий Иванович өз дәуірінің дара тұлғасы, сөз өнерінің нағыз шебері, мықты редактор әрі журналистиканың бірнеше буынына жол көрсеткен ұстаз болды.

Оның есімі «Рудный Алтай» газетімен, өңірлік журналистиканың дамуымен және облысымыздағы заманауи полиграфиялық базаның қалыптасуымен тығыз байланысты.

Анатолий Акава көреген медиа-менеджер ретінде әрдайым жастарға қолдау білдіріп, кәсібіне адал, принципшіл әрі шыншыл азамат болып қалды. Ол өңіріміздің экономикасы, мәдениеті, спорт және басқа да салаларындағы маңызды оқиғаларды кәсіби шеберлікпен, дәл әрі мазмұнды түрде жеткізіп отырды.

Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестері мен достарына, Анатолий Ивановичті танып, құрметтеген барша жанға шын жүректен көңіл айтамын. Оның жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады…».

(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).