ШҚО-да Қазақстан–Әзербайжан достығы кабинеті ашылды

ШҚО-да Қазақстан–Әзербайжан достығы кабинеті ашылды

Жұмыс сапары аясында Зайсан ауданына барған ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қазақстан–Әзербайжан достығы кабинетінің ашылуына және аудан жастарымен кездесуге қатысты.

Зайсан қаласында білім беру және мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, гуманитарлық байланыстарды нығайту және дарынды жастарды қолдау мақсатында Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен білім беру жобасы жүзеге асырылды. «Сауыр» орта мектебінде Қазақстан–Әзербайжан достығының оқу кабинеті ашылды.

Жаңа оқу кабинетіне заманауи жабдықтар, интерактивті материалдар және жиһаз әкелінді. Бұл білім беру кеңістігі базасында жергілікті мектеп оқушылары мен студенттерге арналған гранттық және білім беру бағдарламаларын өткізу жоспарлануда.

Бұл бастама Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әлім Байел мен Әзербайжанның іскерлік топтарының өкілдерімен кездесуі нәтижесінде қолдау тапты. Жоба аясында ШҚО әкімдігі мен Buta Group компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Кабинеттің салтанатты ашылуына мемлекеттік органдардың, білім беру саласының өкілдері және Әзербайжан тарапынан қатысушылар бейнебайланыс форматында қатысты.

Сапар барысында облыс әкімі Зайсан ауданының белсенді жастарымен де кездесті. Студенттер, еріктілер, блогерлер және қоғам белсенділері — жалпы саны 50-ге жуық жас — туған өлкенің дамуы, жастар бастамаларын қолдау, білім беру, волонтерлік және жастардың өңірдің қоғамдық өміріне қатысуы туралы ойларымен бөлісті.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).