
Жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Зайсан ауданына барып, аумақтық қорғаныс оқу-жаттығуларының барысымен және әскери міндеттілерге арналған далалық лагерьдің жағдайымен танысты.
Аумақтық қорғаныс оқу-жаттығулары кезінде әуежайға жасалуы мүмкін шартты шабуыл үлгіленіп, түрлі бөлімшелердің өзара іс-қимылы тексерілді. Құтқарушылар, полицейлер, медицина қызметкерлері және «Арлан» арнайы жасағы қауіп-қатерге тойтарыс беру, зардап шеккендерді эвакуациялау, алғашқы медициналық көмек көрсету және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша бірлескен әрекеттерді пысықтады. Сондай-ақ оқу-жаттығу барысында инфрақұрылым нысандарын қорғауға бағытталған тактикалық міндеттер орындалды.
Нұрымбет Сақтағанов оқу-жаттығулардың ұйымдастырылуын жоғары бағалап, барлық қызметтің үйлесімді жұмысының және жеке құрамның сапалы даярлығының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай оқу-жаттығулардың арқасында әскери міндеттілер маңызды тәжірибе жинақтап, жауынгерлік даярлық деңгейін арттырады. «Мұндай жиындар – ел қауіпсіздігін нығайтудың жарқын үлгісі», – деді облыс әкімі.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).