Өскеменге ШҚО ТЖД құтқарушылары үшін жаңа ұшақ әкелінді

Өскеменге ШҚО ТЖД құтқарушылары үшін жаңа ұшақ әкелінді

Бүгін әуежайға L-410 ұшағы келіп қонды. Енді бұл ұшақты ШҚО ТЖД қолданады. Ұшақты пайдалануға беру рәсіміне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.

«Халықтың, ел мүлкінің, табиғатымыздың қауіпсіздігі мәселелеріне Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше назар аударуының арқасында азаматтық қорғау жүйесінде материалдық-техникалық базаны нығайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұған өңірімізге жаңа әуе кемесінің келуі дәлел болып отыр. Бұл ұшақ төтенше жағдайларға жедел ден қою мүмкіндігін кеңейтеді. Тек соңғы екі жылда облыста құтқару жұмыстарын жүргізу және дала өрттерін сөндіру үшін жеті млрд теңгеден астам сомаға 200 апаттық-құтқару техникасы сатып алынды», - деді облыс әкімі.

L-410 ұшағы гуманитарлық көмекті жеткізуге, құтқарушыларды тасымалдауға және халықты жетуі қиын аудандардан эвакуациялауға арналған. Ол 2500 шақырымнан астам қашықтыққа ұшуға, 6100 метр биіктікке дейін көтерілуге және 19 жолаушыға дейін немесе 1800 келіге дейін жүк тасымалдауға қабілетті. Ұшақ кабинасында дәл навигация мен ұшу параметрлерін толық бақылауды қамтамасыз ететін заманауи Garmin 3000 авионикасы бар.

Бұл модель санитарлық авиацияға да бейімделген. Сондай-ақ бортта ауыр науқастарды тасымалдауға арналған заманауи зембілдер мен тиісті жүйелер орнатылған.

Жуықта облыс әкімдігінің қолдауымен ұшақты сақтау және техникалық қызмет көрсету үшін ангар құрылысы басталған.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).