
Шығыс Қазақстанның барлық ауданында көктемгі егіс науқаны белсенді жүргізілуде. Өңір диқандары отандық және шетелдік селекциядағы сапалы тұқым материалымен толық қамтамасыз етілді.
Тұқымға деген қажеттіліктің 30%-дан астамы облыстағы тұқым шаруашылықтарының есебінен өтеледі. Бүгінде аймақта осындай 16 кәсіпорын жұмыс істейді, оның ішінде 7-еуі элиталық тұқым шаруашылығы мәртебесіне ие.
Жыл сайын жергілікті тұқым өндірушілер шамамен 25 мың тонна тұқым материалын шығарады. Сонымен қатар тұқым шаруашылықтары ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа, жоғары өнімді сұрыптарын шығару бағытында селекциялық жұмыстарды белсенді түрде жүргізіп келеді.
Облыстағы жетекші элиталық тұқым шаруашылықтарының бірі – «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС. Биыл кәсіпорын үшін маңызды жетістік – «Атамекен» соя сұрпының Ресей Федерациясының Мемлекеттік тізілімінің Батыс Сібір өңірінде аудандастырылуы болды. Аталған сұрып Сібір федералдық округінде, оның ішінде Омбы, Жаңасібір, Кемерово облыстары мен Алтай өлкесінде өсіруге рұқсат алды.
Ресейдегі мемлекеттік сұрып сынақтарының нәтижесі бойынша «Атамекен» сұрпы жоғары өнімділік көрсетіп, гектарына 40–44 центнер өнім берген. Осы жылдан бастап шаруашылық тұқымдарды экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. Кәсіпорын Ресей өңірлеріне тұқым материалын жеткізуді көздеуде.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстанның ауыл шаруашылығында ғылымды дамыту қажет. Ауыл шаруашылығы дақылдарының жаңа сұрыптарын шығару бағытындағы аграрлық ғылымды қолдау керек.
«Ғылым белсенді жұмыс істейтін жерде нәтиже де бар», – деді Мемлекет басшысы.