
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қызылорда қаласында өткен «Алты Алаштың арысы – Ер Жалаңтөс» республикалық ақындар айтысында бас жүлдені жеңіп алған Жұлдызай Маратбекті қабылдады. Ақынның арқасына шапан жауып, ізгі тілегін жеткізді.
«Кілең сайдың тасындай іріктелген сөз зергерлерінің ішінен оза шауып, Шығыс Қазақстанның мерейін үстем еттіңіз. Бұл – талантыңыз бен табанды еңбегіңіздің, ұлттық өнерге деген адалдығыңыздың жемісі. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, елдің ыстық ықыласына бөлене беруіңізге тілектеспін. Шабытыңыз шалқып, өнеріңіз өрлей берсін!», - деді аймақ басшысы.
Жұлдызай Маратбек өз сөзінде жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқан облыс басшылығына алғысын білдірді.
«Бұл менің республикалық айтыстан Шығысқа әкеліп тұрған бірінші бас жүлдем. Өздеріңіздің қолдауларыңыздың арқасында осындай нәтижеге жетіп жатырмыз. Шақырып, құттықтап жатқандарыңыздың өзі мен үшін үлкен мәртебе. Алда да облысымыздың даңқын асқақтатып, жаңа жетістіктерге жете береміз деп сенемін», - деді ақын.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).