
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында Ұлы Отан соғысының небәрі алты ардагері қалды. Көбісінің жасы ғасырдан асқан олармен әрбір кездесу - ел тарихының тірі куәгерлерімен жүздесудің ерекше мүмкіндігі.
Макар Родионович Харин биыл 100 жас мерейтойын атап өтеді. Ол Ленинград және Прибалтика майдандарында минометші ретінде соғысқа қатысып, ұрыстарда жарақат алған. Қазіргі таңда ардагер Өскемен қаласында тұрады.
Павел Еремеевич Стрехо жуырда жүз жасқа толды. Соғыс жылдары Беларусь майданында автоматшы болып қызмет атқарып, Кёнигсберг үшін шайқастарға қатысқан және Жеңіс күнін сол жерде қарсы алған. III дәрежелі Даңқ орденімен, I дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Кёнигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және маршал Жуков медалімен марапатталған. Бүгінде Глубокое ауданында ұлымен бірге тұрып жатыр.
Александра Тихоновна Саратовцева 100 жаста. Соғыс кезінде құрылыс бригадасының құрамында көпір салу жұмыстарына қатысып, Жеңіс күнін Польшаның Новы-Сонч қаласында қарсы алған. II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Сталинградты азат еткені үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталған.
Ал Анастасия Павловна Светочева бүгінде 103 жаста. Ол қоршаудағы Ленинградта әуе шабуылына қарсы қорғаныс бөлімдерінде қызмет етіп, бомбалау салдарын жоюға және жараланғандарға көмек көрсетуге атсалысқан. II дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Қазіргі уақытта ардагер облыс орталығында тұрады.
Тағдырдың талай сынынан өтсе де, Михаил Яковлевич Головатюк өмірге деген сергектігін жоғалтпаған. 1943 жылы еңбек армиясына шақырылып, Иркутск-Байкал теміржолының құрылысына қатысқан. Кейін 579-атқыштар полкінде автоматшы болып қызмет етіп, Жапонияға қарсы шайқастарға қатысқан. II дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен және Ленин орденімен марапатталған.
Иван Романович Шевцов небәрі 18 жасында майданға аттанған. Польша мен Чехословакияны азат ету шайқастарына қатысып, II дәрежелі Отан соғысы орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталған.
Бұл ардагерлер бүгінгі жастар үшін әркез қайсарлықтың, ерліктің және отансүйгіштіктің жарқын үлгісі болып қала береді. Олардың жанқиярлық ерлігі халқымыздың ортақ тарихында мәңгі сақталады.
Барлық соғыс ардагерлеріне шынайы алғысымызды білдіреміз.
Дендеріне саулық, отбасыларына амандық, жақындарының қамқорлығы мен бейбіт өмір тілейміз.
(Материалдарды пайдалану кезінде ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).