
Шығыс Қазақстан облысында экологиялық кәсіпкерліктің жаңа бағыты - калифорниялық жауынқұрттарды пайдалану арқылы табиғи биогумус өндіру ісі қарқынды дамып келеді.
Алтай ауданына қарасты Серебрянск қаласында жүзеге асырылып жатқан бұл бірегей жобаның бастамашысы - жеке кәсіпкер Галия Солтанова.
Кәсіпкер өз ісін «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 жыл мерзімге берілген 3,9 миллион теңге көлеміндегі жеңілдетілген несие арқылы бастаған. Осы қаражатқа ауыл шаруашылығында сұранысқа ие органикалық тыңайтқыш өндіретін шағын шаруашылық құрылған. Бүгінде кәсіпорын өнім көлемін арттырып қана қоймай, екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Галия Солтанованың айтуынша, өткен жылы шаруашылықта бір тоннаға жуық табиғи гумус өндірілген. Биогумус - топырақ құнарлылығын арттырып, өсімдіктердің тез әрі сапалы өсуіне ықпал ететін экологиялық таза тыңайтқыштардың бірі.
Өндірістегі негізгі рөлді арнайы калифорниялық құрттар атқарады. Олар жарықтан қашып, қараңғы ортада белсенді жұмыс істейтіндіктен, арнайы орындарда сақталып, күтімі тұрақты бақылауда болады.
«Бизнесті бастаған кезде 250 мың құрт сатып алған едік. Қазір олардың саны 700 мыңға жетті және әлі де көбейіп келеді», - дейді кәсіпкер.
Жұмыс сапары барысында шаруашылықтың қызметімен ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов танысты. Ол жобаның болашағы зор екенін атап өтіп, өндіріс көлемін ұлғайтуға толық мүмкіндік бар екенін айтты.
«Көрсеткіштер бизнестің дұрыс жолға қойылғанын және өндірісті кеңейтуге мүмкіндік бар екенін көрсетеді», - деді Ералы Тоғжанов.
Қазіргі таңда табиғи тыңайтқыштарға сұраныс тұрақты түрде артып келеді. Қапталған биогумусты негізінен егіншілікпен және көкөніс өсірумен айналысатын тұрғындар сатып алады. Әсіресе қияр және басқа да көкөніс түрлерін өсіретін шаруалар оның тиімділігін жоғары бағалайды.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл кәсіпті бастау идеясы интернеттен ақпарат іздеу және тәжірибелік сынақтар жүргізу барысында пайда болған. Нәтижесінде бұл бағыт ауылдағы табысты бизнестің біріне айналды.
Алдағы екі жылда шаруашылық биогумус өндірісін 5 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Осы мақсатта өндірістік базаны кеңейтіп, құрттардың санын көбейту көзделуде.
Галия Солтанова жеңілдетілген несие шарттары ауыл тұрғындары үшін үлкен қолдау болғанын атап өтті. Бір жылдық жеңілдік кезеңі қарастырылғанына қарамастан, кәсіпкер салық төлемдерін уақытылы төлеп келеді.
Бүгінде биогумус өндіру жобасы Алтай ауданындағы сирек кездесетін шаруашылықтардың бірі саналады және жергілікті тұрғындардың қызығушылығын тудыруда. Кәсіпкердің айтуынша, өндіріс көлемі артқан сайын қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарда бар.
Мамандардың пікірінше, мұндай бастамалар ауылдық жерлерде экологиялық бағыттағы кәсіпкерлікті дамытуға серпін беріп, аграрлық саланың тұрақты дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.