
Жеңіс күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің үйлеріне арнайы барып, мерекемен құттықтады. Аймақ басшысы ел тарихының бір бөлшегіне айналған жандарға алғыс білдіріп, олардың қал-жағдайын сұрап, емен-жарқын әңгімелесті.
Облыс әкімі барған жандардың бірі - тыл еңбеккері Шайқамал Ескужинова болды. Ол 1936 жылы Күршім ауданының Құйған ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ашаршылық пен қиын-қыстау кезеңдермен тұспа-тұс келді. Жолдасымен бірге жеті бала тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардың арасында ұстаздар мен медицина саласының мамандары бар. Шайқамал апа ұзақ жылдар балық зауытында еңбек еткен. Қазір оның басты байлығы - үлкен әулеті: 17 немересі, 25 шөбересі бар. «Алтын алқа» алқасымен де марапатталған.
Аймақ басшысы Ұлы Отан соғысының ардагері Михаил Яковлевич Головатюкке де арнайы барды. 98 жастағы қария бүгінде ерлік пен төзімділіктің символына айналған. Соғыс жылдары жасөспірім шағында Иркутскіден Байкалға дейінгі тайга арқылы теміржол салуға қатысқан. Кейін майданға шақырылып, милитаристік Жапонияға қарсы Манчжур операциясына қатысқан. Соғыстан кейін 30 жылдан астам уақыт қорғасын-мырыш комбинатында балқытушы болып еңбек етті. Майдандағы және бейбіт еңбек жолындағы жетістіктері үшін түрлі орден-медальдармен марапатталып, «Құрметті металлург» атағына ие болған.
Сондай-ақ ерекше құрмет пен ізгі тілектер Ұлы Отан соғысының ардагері Павел Еремеевич Стрехоге арналды. Биыл ол 100 жас мерейтойын атап өтті. Оның өмір жолы - Отанға адал қызмет етудің айқын үлгісі. Майданға 17 жасында аттанып, Кёнигсбергті азат ету шайқастарына қатысқан. III дәрежелі Даңқ орденімен, I дәрежелі Отан соғысы орденімен және «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кёнигсбергті алғаны үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Кездесу барысында Нұрымбет Сақтағанов батырлардың ерлігі ел тарихында мәңгі сақталатынын атап өтті.
- Біз Жеңіс буынының алдында әрдайым тағзым етеміз. Сіздердің ерліктеріңіз бен табанды еңбектеріңіздің арқасында бүгінде бейбіт аспан астында өмір сүріп келеміз. Ардагерлердің өмір жолы мен естеліктері - келер ұрпаққа аманат болатын баға жетпес мұра, - деді өңір басшысы.
Ардагерлер өз кезегінде соғыс және соғыстан кейінгі жылдардағы естеліктерімен бөлісіп, бастан өткерген қиындықтарын сөз етті. Сондай-ақ бейбітшілік пен бірлікті сақтау әрқашан маңызды екенін атап өтті.
(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).